Әділетті төрт халифа – Әбу Бәкір, Омар, Осман және Әли (оларға Алла разы болсын). Төртеуі де тірі кезінде жәннатпен сүйіншіленген.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Сендер менің сүннетім мен тура жолдағы әділ халифалардың сүннетіне берік болыңдар. Оны мықтап ұстаныңдар, оған азу тістеріңмен жабысыңдар», – деген (Термизи). Төменде осы әділетті халифалардың Ислам өркениетіне қосқан үлесі жайлы қысқаша тоқталып өтсек.
1. Әбу Бәкірдің толық аты жөні – Абдулла ибн әби Қухафа Осман ибн Кағб әт-Тәйми әл-Қурайши. Лақап аты – Әбу Бәкір. Ол 573 жылы дүниеге келген.
Ер адамдардың ішінде ең алғашқы болып Ислам дінін қабылдаған. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайын атасы (Айшаның әкесі) және Исламда «Хулафаи ар-Рашидин» деп аталатын алғашқы төрт халифаның, яғни тура жолды ұстанған халифаның біріншісі. «Сыддық», «Атиқ» деген лақап аттары да бар. Исра кешіндегі хабарды растағандықтан «Сыддық» деп аталса, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Әбу Бәкір! Сен Алланың тозақтан құтылған пендесісің», – деген сөзінен кейін «Атиқ» аталып кеткен. Арабтар пұттарға табынған оларға сыйынбаған әрі арнайы құрбан да шалмаған.
Ислам дінін қабылдаған күннен бастап, Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір сәт те ажырамаған. Мал-дүниесін Ислам үшін сарп етіп, Алланың дініне жәрдем берген жанның бірі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өткеннен кейін мұхажирлер мен ансарлар арасында билік кімге берілуі керек деген мәселе туады. Ақырында екі жақ келісіп, Әбу Бәкірді (оған Алла разы болсын) мұсылман қауымына басшы етіп сайлайды. Әбу Бәкірдің Ислам өркениетіне қосқан үлесіне тоқталсақ.
а) Оның уағыздауымен Осман, Зубайр ибн Аууам, Абдурахман ибн Ауф, Сағд ибн Әбу Уаққас және Талха ибн Убайдулла (оларға Алла разы болсын) сияқты жәннатпен сүйіншіленген сахабалар Ислам дінін қабылдады. Сондай-ақ Біләлді (оған Алла разы болсын) және т.б. мұсылмандарды құлдықтан құтқарды.
ә) Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) халифа болып сайланған соң діннен бас тартқандарға, Мусайламатул Кәззаб сияқты жалған пайғамбарларға және «намаз оқимыз, бірақ зекет бермейміз» дегендерге қарсы әскер жасақтады. Бұл соғыста діннен қайтқандар жеңіліс тапты. Жалған пайғамбардың көзі жойылды. Осылайша Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) үлкен бүлікті басты.
б) Діннен бас тартқандармен соғысу кезінде көптеген қари сахабалар шейіт болды. Омар ибн Хаттаб (оған Алла разы болсын) қарилар ажал құшып, Құранның жоғалуынан қауіптеніп, халифа Әбу Бәкірге (оған Алла разы болсын) барып, Құран жазбаларын жинау керектігін талап етті. Осылайша Құранды кітап етіп жинақтау ісі Зәйд ибн Сәбитке (оған Алла разы болсын) тапсырылды. Зәйд Құранды бір жыл бойы жинақтады.
Оған хазіреті Омар, Әли, Осман, Ибн Каб (оларға Алла разы болсын) көмектесті. «Мұсхаф» деп аталған осы кітап алдымен Әбу Бәкірде, ол қайтыс болған соң хазіреті Омарда, ол да өмірден өткенде қызы Хафсаның қолында сақталды. Әбу Бәкірдің Зәйд ибн Сәбитке тапсырып Құранды бір кітапқа жинауы Ислам үмметіне орасан зор пайда әкелді.
в) Шам, Ирак елдеріне әскер жіберіп, көптеген қалаларды фатх қылды.
г) Мемлекеттік қызметті жүйелеу мақсатында Омарды – қазы, Әбу Убайданы (оған Алла разы болсын) қазынаның басшысы етіп тағайындады. Сондай-ақ Мекке, Мәдина, Тайф, Сана қалаларына және Хадрамаут пен Бахрейн аймақтарына басшы тағайындады. Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) мұсылмандарға екі жыл, үш ай халифа болып, 63 жасында дүниеден өтті.
2. Омар ибн Хаттаб ибн Нуфәйл ибн Абдул Узза әл-Адауи, әл-Қурайши. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен ақиқат пен жалғанның арасын ажыраттың», – деп, оған «Фаруқ» деген лақап ат берді. Әділетті халифалардың екіншісі және ең бірінші болып мүминдердің әміршісі деген атақты иемденді. Әбу Бәкірдің ұсынысымен сахабалар Омарды (оған Алла разы болсын) халифа етіп сайлады. Оның Ислам өркениетіне қосқан үлесін тізбелеп өтсек.
а) Омардың (оған Алла разы болсын) Ислам дінін қабылдауы мұсылмандарды күшейте түсті. Ол дінге адамдарды ашық шақырып, мүшріктерден еш сескенбей, Қағбаның жанында намаз оқитын. Мұны көрген сахабалар оған арқа сүйеп, өздерінің мұсылман екенін жария айтатын болды.
ә) Сирия, Мысыр, Құдыс, Хорасан т.б. елдерді қол астына қаратты.
б) Ислам күнтізбесі қай уақыттан басталатыны жайында сахабалармен ақылдасып, һижрет жасалған жылдан бастау туралы шешім шығарды.
в) Кіріс-шығыс қаражатының құжаттамасымен айналысатын орталық ашты. Жаңа туған сәбилерге жәрдемақы тағайындады.
г) Көптеген мешіттер салынып, Мекке мен Мәдина қалаларының арасына жол салынды. Омар (оған Алла разы болсын) мұсылмандарға он жыл, алты ай халифа болып, таң намазын оқып жатқанда Әбу Лулу деген отқа табынушының қолынан 63 жасында қайтыс болды.
3. Осман ибн Аффан ибн Абул Ас ибн Абдуш Шамс ибн Абду Манаф ибн Қусай әл-Умауи, әл-Қурайши. Ұлы төрт халифтің үшіншісі. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі қызына үйленген. Руқайя мен Умму Гүлсімді жар етіп алған жалғыз адам болғандықтан, «Зунурайн», яғни «екі нұрдың иесі» деп аталған. Омар (оған Алла разы болсын) пышақталған соң, өзінен кейін халифаны таңдауды алты сахабаға жүктеді. Олар Әли, Осман, Сағд бин Әби Уаққас, Абдурахман бин Ауф, Зубайр бин Аууам, Талха бин Убайдулла. Кеңес мүшелерінің шешімімен Осман (оған Алла разы болсын) халифа болып сайланды. Оның Ислам өркениетіне қосқан үлесі жайлы айтсақ.
а) Византиялықтарға қарсы мұсылман әскерін азық-түлікпен қамтамасыз етіп, көлікпен жабдықтады. Су тапшы кезінде Мәдина қаласындағы Рума құдығын сатып алып, мұсылмандарға сыйға тартты.
ә) Османның (оған Алла разы болсын) халифалық тұсында көптеген жаңа аймақтар Ислам мемлекетінің қол астына өтті. Африка құрлығына ентелей кіріп, Арменияны бағындырды. Римдіктер пен Испанияға жаңа жорықтар бастады. Константинопольді алуды ойлап, мұсылмандар Стамбұлдың қорғанына дейін жетті.
б) Ислам әскерлері бағындырған аймақтардан келген дүниені реттейтін мұсылмандардың қазынасы құрылды.
в) Құранның қырағат түрлерінің әркелкілігін бірізділікке түсіріп, үлкен бүліктің жолын кесіп, талас-тартыстың нүктесін қойды. Осман ибн Аффан (оған Алла разы болсын) Мәдинадағы сахабалардың үлкендерін жинап, Құранды бір нұсқада көшіріп жазғызып, оны көбейтіп, мұсылман мемлекетінің барлық аймағына таратты. Оған керағар келетін жазбаларды жоюға әмір берді.
г) Теңіз флотын жасақтап, мұсылмандар суда да үстемдік ете бастады. Осман (оған Алла разы болсын) мұсылмандарға он бір жыл, он бір ай халифа болып, 82 жасында бүлікшілердің қолынан қайтыс болды.
4. Әли ибн Әбу Тәліп бин Әбду Муталиб бин Һишам бин Әбду Манап әл-Қурайши, әл-Һашими. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немере інісі, мүминдердің әміршісі және әділетті төрт халифаның соңғысы. Балалардың арасынан ең алғаш болып Ислам дінін қабылдаған. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туын көтеріп, көптеген жорықтарға қатысқан. Осман (оған Алла разы болсын) қайтыс болған соң, сахабалардың бір тобы Әлиге барып, халифалыққа одан басқа лайық адам жоқ екенін айтып, мешіттің ішінде серт берді. Осылайша бүкіл Мәдина халқы серт беріп, Әли (оған Алла разы болсын) халифа болып сайланды. Әли бин Әбу Тәліптің Ислам өркениетіне қосқан үлесі мынадай:
а) Әлидің (оған Алла разы болсын) халифалығы кезінде ел астанасы Куфаға ауыстырылды.
ә) Қажылық жасайтын мұсылмандарға жағдай жасалды. Қажыларға діни мәселелерде пәтуа беретін мамандарды бекітіп, оларға басшы тағайындады.
б) Каналдар, құдықтар қазып, мешіттер, жолдар, қорғандар салынды.
в) Әлидің (оған Алла разы болсын) халифалығы кезінде қоғамдық тәртіпті қадағалайтын сақшылар тобы (полиция) жасақталды. Түрме салынып, мемлекетті басқару жүйесі жетілдірілді.
г) Араб тілінің ережесі жасалды. Адамдардың арыз-шағымын қарайтын арнайы күндер белгіленді.
Әли мұсылмандарға алты жылға жуық халифа болып, адамдарды таң намазына шақырып жүргенде Ибн Мулжимнің қылышынан ауыр жарақат алып, содан айыға алмай, Рамазан айының аяқталуына 13 күн қалғанда, жұмаға қараған түні 63 жасында дүниеден өтті.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өткен соң қара қылды қақ жарған әділетті төрт халифаның Ислам өркениетіне қосқан үлестері орасан зор. Олар қараша халықтың мұң-мұқтажын шешіп, тақуалығымен, әділдігімен көпшіліктің жүрегін жаулаған біртуар басшылар ретінде адамзат тарихынан ойып тұрып орын алды. Алла Тағала оларға разы болсын!
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ
«Иман» журналы, №5, 2024 жыл