Туысқанмен байланысың жақсы ма?

Қазақ халқы ағайын-туыспен байланысқа ежелден мән берген. Бұған туысқанға қатысты мақал-мәтел, нақыл сөздердің көптігі мен әрбір жақын адамға туыстық атаулар беруінің өзі жеткілікті дәлел бола алады. Шын мәнінде басқа ұлттарда туматуысқа жалпылама атау берілсе, қазақ халқында әр туыстың атауы мен оған көрсетілетін құрмет, ізеттің де өзіндік орны бар.

Өзге ұлттарда көбіне анасының туыстарын «анамның інісі, ағасы, сіңлісі» деп жалпылама атаса, қазақ халқында оларды нағашы аға, нағашы апа немесе әпке деп атайды. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дейтін халқымыз әзіл-қалжыңға келген кезде де әркімнің орнын белгілеп берген. Мысалы, жезде мен балдыз, нағашы мен жиеннің әзілі жарасып, қалжыңы көңіл көтереді. Тіпті дастарқанға қойылған үлкен астың да әр туысқа берілу тәртібі бар.

Табақ тартуды білмеу қазақ танымында ұят саналады. Құрметті қонаққа, әсіресе құдайындай сыйлайтын құдасының алдына міндетті түрде бас қойылады. Одан кейін жамбас, ортан жілік, құйрықбауыр деп кете береді. Күйеу балаға төс, қызына тоқпан жілік береді. Әрине дастарқан басында қолың жеткен әрі бұйырған асты жей беруге болады, ал жоғарыда айтылғандар – қазақтың туысқа арнайы ас ұсыну дәстүрі.

Алла Тағала адам баласына ата-анасынан кейін бірге туған бауырларын, ағайын-туысын құрметтеуді бұйырған. Оған дәлел ретінде Құран Кәрімде аят та, Пайғамбарымыздың (оған Алла ның салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадисі бар. Бір кісі ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жәннатқа кіруге көмектесетін амал айтуын сұрағанда екі дүние сәруары: «Аллаға құлшылық ет, Одан басқа ешкімге құлшылық етпе. Намаз оқы, зекет бер және туыстарыңмен байланысыңды сақта», – деп жауап беріпті. Әйгілі Әйтеке би:

– Кісіге бірге туыспау керек. Туысқан соң, сөз қуыспау керек. Сөз қуған пәлеге жолығады. Жол қуған олжаға жолығады, – деген екен. Көбіне ағайынның арасын бір ауыз сөз, болмашы әрекет бұзып жатады. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» дегенді күнде естісек те, ағасын айлап көрмеген, інісін жылдап іздемеген бауырлар бар. Той-садақада, басына іс түскенде ғана іздеу әдет болып барады. Негізі бабаларымыздан қалған туысқандық дәстүріміздің сипаты басқаша болатын. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Келмегенге сен бар, бермегенге сен бер, қиянат жасағанды кешір», – деп айтқан. Осы орайда исламтанушы, РАНТ түшесі Думан Сайфулладан туыстармен қарым-қатынас әдептерін сұраған едік.

«Туыстық қарым-қатынасты сақтау – зор сауапқа кенелу, ризық несібенің артуы, Алланың ризалығына бөлену сияқты т.б. екі дүние пайдасына себепші болатын маңызды амал. Жақсылық жасауды алдымен жақын туыстардан бастау керек. Хадис бойынша, алдымен анамызды, одан кейін әкемізді сыйлауға тиіспіз. Содан кейін ғана туған бауырға, жақын туыстарға, жамағайынға құрмет көрсетеміз. Сонымен қатар қарым-қатынасты үзген туыстармен байланысты түзеу керек. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Нағыз туыстық байланысты сақтаушы – қарым-қатынасты үзіп алған туыстарымен байланысын түзейтін адам», – деген болатын (Бұхари, Әбу Дәуіт). Туыстық байланысты сақтаудың бір жолы – мұқтаж кезде жәрдем беру, қиналғанда жанынан табылу. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінде: «Олар сенен Алла жолында не беретінін сұрайды. «Нендей қайыр сарып қылсаңдар, әке-шеше, жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Нендей жақсылық істесеңдер де, күдіксіз Алла оны біледі» де», – деп баяндаған. Яғни жақсылық жасауды туысымыздан бастағанымыз секілді зекет-садақа беруді де мұқтаж ағайын-туыстан бастау керек. Өйткені хадистердің бірінде: «Кедейге садақа беру – садақа, ал туысқанға көмектесу болса – екі сауап. (Бірі) садақаның, (екіншісі) туысқандық қарым-қатынасты сақтаудың (сауабы)», – делінген. Туыстық байланыс туыстарға насихат айту, ағайынды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю арқылы да бекиді. Мұсылман баласы туыстарының тура жолда болғанын қалап, олардың шалыс кеткен жері болса түзеп, түзу жолды ескертіп отырады. Алайда насихатты ойланып, сүзгіден өткізіп, туысының көңіліне қаяу түсірмейтіндей дәрежеде айтқаны жөн. Әйтпесе жақсы ниетпен айтылған насихат, дұрыс айтылмағандықтан, керісінше туыстық қатынастың бұзылуына әкеліп соғуы мүмкін» дейді Думан Нәдірұлы.

Қарап отырсақ, аталмыш туысқандық әдептер бүгінде қазақ дәстүрімен қатар өмір сүріп келеді. Қандай да бір татулығы жарасқан туысқан көрсеңіз, жоғары айтылған әдептер олардың қарымқатынасында бар деп білгейсіз. Осы мақаланы жазу барысында бала кезімдегі бір жағдай есіме түсті. 2005 жылы әкем үлкен үй салып, қоныс тойы мен өзінің мерейтойын қатар өткізді. Әкемнің ердің жасы елуге толған торқалы тойы, қуанышты сәтінде туған ағасының келмеуі көңілін қалдырды. Мінезі қаталдау әкемнің көзіне жас алғанын алғаш рет сол күні көрдім. Көкемізге, яғни ағасына қатты өкпелепті. Келесі күні оған қоңырау шалып, ренішін білдірді. Тұтқаны қалай қойды, сол сәттен бастап бір қалада тұрсақ та, көкемізді де, оның үй-ішін де көрмей кеттік. Әкем ағасын ардақ тұтып, соның үйіне аптасына бір бармаса жаны жай таппайтын еді. Қасына үнемі мені ертетін. Сол күннен бастап екі шаңырақта қаншама той болып, өмірге іні-қарындастарымыз келіп жатты. Әйтсе де араздасқан екі ағайынның арасы алшақтап, туыстық байланыс үзіліп қалды. 

Кейін мектеп бітіріп, Алматыға оқуға кеттім. Бірде мешітте туыстық қарым-қатынас жайлы жұма уағызы айтылды. Әкемнің жүрегіндегі «жара» мені де мазалап, сол сәтте емі табылғандай болды. Мінберге шыққан имам ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Фатима анамыздан тараған ұрпағы Хасан мен Хұсейннің (оларға Алла разы болсын) оқиғасын айтып берді. Ардақты қос сахаба Хасан мен Хұсейн бірде ренжісіп, бірнеше уақыт бірін-бірі көрмей кетеді. Хасан үлкендігін алға тартып, інісі кешірім сұрап келер деп күтеді. Бірақ Хұсейннің келе қояр түрі жоқ.

Мұндайға басқа басқа емес, Пайғамбардың ұрпағы бей-жай қарамайтыны белгілі. Ренішті ысырып қойып, ағасы інісін іздеп үйіне барады. Хасанның келетінін білген Хұсейн де жадырап бауырын күтіп алады. Екеуі қол алысып, кешірім сұрасады. Татуласқаннан кейін біраз шүйіркелеседі. Әңгіме арасында Хасан үлкендігі тағы есіне түсіп, Хұсейнге кіші болып тұрып неге кешірім сұрауға келмегенін сұрайды. Сонда інісі: «Асыл ағатайым менің! Пендені кешіргенді Алла Тағала кешіреді емес пе? Мен сіздің бірінші болып Алла Тағаланың кешіріміне ие болуыңызды, менен бұрын жәннат иелерінен болуыңызды қалап, бірінші болып кешірім сұрауыңызды өтініп едім» дегенде Хасанның жүрегі елжіреп, көзіне жас келіп, інісі Хұсейінге: «Мен өзімнің нәпсіммен ойлап тұрсам, сен қияметтің бақытын ойлап тұр екенсің. Кешір мені, інішегім» деп інісін құшақтап, кешірім сұраған екен.

Осы насихат маған қатты әсер етті. Қыстыгүні ауылға барғанымда әкеме осы оқиғаны айтып бердім. «Ағаңыз келмесе де, сіз барыңыз. Хасан мен Хұсейн секілді жас шамаларыңыз жақын да емес, татулассаңыз», – деп өтініп кеткенмін. Анамның айтуынша, осы әңгімеден кейін әкем ойланып қалыпты. Имамның уағызы маған қалай әсер етсе, менің жеткізуім де әкеме «өткен» секілді. Оны кейін білдім. Наурыз айының 14-інде біздің ауылда «көрісу» салты бар. Самарқанның тасы еритін уақытта әкем мен анам дәл сол күні он бір жас үлкен ағасының шаңырағына көрісіп барыпты. Жеті жыл бұрынғы ренішті толықтай ұмытып, кешірім сұрасыпты. Сол жылы жазда үйіміздегі жалғыз гүліміз тұрмысқа шығып, ұзатуында көкеміз батасын беріп, төрде отырды. Ал араға тағы бір жыл салып ол кісі 68 жасында бақиға аттанды. Ол кісі қайтыс болды дегенді естігенде есеңгіреп қалғаным рас. Бірақ әкем екеуінің татуласқаны есіме түсіп, ішімнен: «Аға мен іні табысып үлгерген екен-ау, шүкір!» – дедім. Бабалаларымыз «Мал қонысын іздейді, ер туысын іздейді» деген екен. Туыстың қадірі есейген сайын білініп, бағасы арта түсердей. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да, ата-балаларымыз да ағайынтуыспен тату болуды өсиет етті. Ал сіздің туысқанмен байланысыңыз жақсы ма?!

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

«Иман» журналы, №2, 2024 жыл