Уақыт алтыннан қымбат

Уақыт – Алла Тағаладан адамзатқа берілген бағалы ризық. Жұмақтың кілті болып саналатын ең басты құлшылық – намаздың басты шарты. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі уақыт – бізге берілген үлкен мүмкіндік.

Сондықтан, уақытты босқа өткізу адам өміріне жасалған үлкен қиянат. Уақытың – өмірің. Күн мен түннің ауысуы, жыл мезгілдері, көктем мен күз, жаз бен қыстың ауысуы өмірдің де мезгілі бар екенін аңғартады.

Бізге жеткен хадис-шарифтердің бірінде: «Қиямет күні пенденің аяғы жылжымай тұрып: өмірін қалай өткізгендігі жайлы, жастық шағын қалай өткізгендігі жайлы сұралады…» делінген. Бізге берілген басқа да ризықтар секілді уақыттың да сұрауы бар.  Сондықтан да, уақытты бос нәрселерге жұмсамай, әр минутымызды тиімді пайдалана білуіміз қажет.


Ислам ғұламалары «уақыт мекеннен қымбат, себебі қандайда бір мекенге оралуға болады. Ал өткен уақытқа қайта орала алмайсың» – деген.


Иә уақыт көптеген нәрседен қымбат, қазақта «алтын уақыт» деген де сөз бар. Алла Тағала Құранда көптеген аятта уақытпен ант еткен. Бұл уақыттың Алла берген нығыметі әрі оның адам өмірінде маңызды екенін білдіреді.


 Алла елшісі (с.ғ.с) «Бес нәрседен алдын бес нәрсенің қадірін біл».
1.«Дүниеден өтпей тұрып, өмірдің»
2.«Ауырмай тұрып, денсаулықтың»
3.«Бір нірсемен шұғылданып қалмай тұрып, бос уақыттың»
4.«Қартаймай тұрып, жастықтың»
5.«Кедейлікке түспей тұрып, байлықтың» – деген.


Тағы бір хадисте: «Адамдар қадірін біле бермейтін екі нығымет бар олар: денсаулық пен бос уақыт» – деп адамдардың басым көпшілігі уақыттың қадірін білмей бос өткізетіндігін айтқан.


  Омар (р.а) «Есепке түспей тұрып, өздеріңе есеп беріңдер» – десе, Хасан Әл-Басри «Ей адам баласы, сенің өмірің күндермен шектеулі, егер бір күнің кетсе бір бөлігіңді жоғалтқаның» – дейді.
  Ибн Масғуд (р.а) «Менің ең үлкен өкініштерімнің бірі, салиқалы амалдарсыз өлімге жақындаған уақыттарым» – деген екен.


«Уақыт қылыш секілді сен оны кеспесең, ол сені кеседі» – деген тәмсіл де бар. Сондықтан Алла берген әрбір нығыметтің қадіріне жетіп, тиімді әрі дұрыс жолға пайдаланайық. Алла Құранда «Егер шүкір етсеңдер арттырамын, ал егер күпірлік етсеңдер азабым өте қатты» – деген.


 Уақыттарымыз күпірге емес, шүкірге толы болсын!

Жайлыбек КЕНЖЕАЛИЕВ,

Хан Ордалы Сарайшық мұсылмандар мешітінің имамы.