Атырау облысына жұмыс сапары аясында белгілі ұстаз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы республикалық ақпараттық насихаттық топ мүшесі Арман Қуанышбаев Жылыой ауданына барып, бірнеше кездесу өткізді.
Арман Қуанышбаев жергілікті мәдениет үйінде Жылыой ауданының тұрғындарымен кездесті. 500-ден астам адам жиналған кездесу барысында ұстаз қоғам бірлігі, жеке тұлға ретінде даму, әр адамның отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы насихаттар айтып, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
«Алла адам баласын кемел дәрежеде, бүкіл әлемге басшы ретінде жаратқан. Бұл туралы Құранда: «Ол сондай Алла, жер жүзіндегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты…» [1] – деген аят осының дәлелі.
Жаратушы өзінің барлық пайғамбарлары арқылы жіберген діні барша адамзатты жақсылық жасауға, қоршаған ортаға мейіріммен, махаббатпен қарауға және қоғамына адал қызмет етуіне тәрбиелейді. Ол үшін Жаратушы адам баласын жаратудағы мақсатының өзі өзіне құлшылық ету үшін болса, сол құлшылық немен өлшенеді? Қазіргі уақытта дінде құлшылық жасау дегенде ойымызға не оралады? Осыған тоқталып көрсек. Міне, сондықтан Аллаға деген құлшылықтың ең бастысы адамның қоғамда тұлға болып қалыптасуы екенін аңғаруға болады. Ол үшін әр адам Алланы тануы керек. Ал, оны танудан бұрын әркім өзін-өзі бірінші тануы тиіс.
Бұл үшінде адамға терең ақыл мен биік парасат керек. Мұндай парасат пен ақыл болуы үшінде адамда білім болуы қажет. Ал, білім алып, оны қоғам игілігіне жаратуға да таза жүрекпен нұрлы ақыл қажет екені белгілі. Білімі терең иманы берік, терең адам қай уақытта болса да өзін көпшіліктен биік санамай бетегеден биік, жусаннан аласа болып, халқына адал қызмет ететіні хақ» деді ұстаз Арман Қуанышбаев.
Сондай ақ, ұстаз Арман Қуанышбаев әйел жамағатымен кездесіп, білім алудың маңызы жайында насихат айтты.