Атырауда өткен «Қыз тәрбиесі – аманат» атты облыстық семинарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Әйел-қыздар секторының» меңгерушісі Динара Құтқожақызы арнайы баяндама жасап, жастар арасында кеңінен таралған азаматтық неке салдары туралы айтып өтті.
«Бабаларымыз қыз баласын құрсақтан тәрбиелеп, жағымды қасиеттерді бала күнінен бойына дарытқан. Себебі, бойжетіп отырған қыздың болашақта ибалы келін, абзал ана атанатынын білген. Ертеңгі күні келін болып түскен ауылына өз отбасының, бір рулы елдің бетіне таңба болмасы үшін, намысын аяққа таптатпауды жастайынан құлағына құйып отырған.
Алайда, қазір жастар арасында азаматтық неке көбейіп кетті. Салдарынан ер де, әйел де бір-бірінің алдында жауапкершілікті сезінбейді. Осындайдан жасанды түсік, тірілей жетімдер көбейіп жатыр» деп атап өтті «Әйел-қыздар секторының» меңгерушісі Динара Құтқожақызы.
Семинар барысында Атырау облысы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор Зәмзагүл Жалмурзина, «Хиуаз» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Балымша Юсупова, ҚМДБ «Әйел-қыздар секторының» Атырау облысы бойынша жауапты өкілі Ардақ Сайынқызы «Қызға қырық үйден тыйым», «Ұрпақ тәрбиесі – өзекті мәселе», «Әженің тәрбиесі» тақырыбында баяндама жасап, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.