Атырау қалалық Құспан молла мешітінің наиб имамы Елдос Оташбаев Махамбет аудандық мешіті ұйымдастырған рухани отырысқа арнайы келді.
Жастар жамағатымен жүздесу кезінде ұстаз Елдос Оташбаев қоғамның бірлігін сақтау, ынтымақта болу тақырыбында насихат айтты.
«Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп түйген. Бірлікті ыдыратып, ірітуші күш ол – күншілдік, іштарлық, араздық. Халқымыз мұндай жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ салуға шақырған. Бірлік елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған. Сондықтан ел тізгінін қолына ұстаған ақсақалдар мен билер ел ішіндегі асқынған дау-дамайды, ушыққан жанжалды тыйып, шешім қабылдағанда ел бірлігіне сына түспеу жағына аса көңіл бөлген.
Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахидың алғашқы кезеңінен бастап, мұсылмандардың өзара бауырмалдығы мен бірлігіне аса маңыз берген» деп атап өтті ұстаз Елдос Оташбаев.