Атырау облысына арнайы іссапармен келген белгілі ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы «Иманғали» орталық мешітінің студясында «Amin.kz» подкаст жобасында қонақ болды.
Еркін форматтағы сұхбат барысында отбасы құндылығы әңгіме өзегіне арқау болды.
«Ислам діні үлкенді сыйлауға үндейді. Жастардың үлкендердің ақылын тыңдап, оларға құрмет көрсетуді насихаттайды.
Отбасы бала тәрбиесінің ұйтқысы екендігіне ерекше тоқталады. Тәрбие бастауы отбасыдан басталады. Отбасы тәрбиесінің тамаша үлгісінен ұлағатты ұрпақ өсіп шығады.
Қазақта: «Отан – отбасынан басталады», «Өз үйім – өлең төсегім», «Екі жақсы қосылса аймен күндей» «Үйде береке болса, дастарханда берекет болады» деген ұлағатты сөздер бар.
Мұнда отбасы құндылықтары мен үлкенді сыйлау, береке мен ынтымақ мәселесіне зор баға берілген.
Халқымыз тектілікке ерекше маңыз берген. Текті болу дегеніміз – өнеге мен әдептіліктің ғасырларға жалғасқан үрдісін сақтауға жатады.
Қазақ халқында ислам дінімен ұштасқан, тамаша қалыптасқан отбасылық тәрбиенің озық үлгісі бар. Тәрбиенің бұл тамаша озық үлгісі ғасырлар сынынан өткен, ұлағат пен өнеге сіңген зор тағылымдардың құндылығының жиынтығы деуге болады,-деп атап өтті студия қонағы.
Сондай-ақ, сұхбатқа «Иманғали» мешітінің наиб имамы Ерболат Боханов та қатысып, қазіргі таңдағы өзекті болып отырған талақ, ажырасу мәселесіне қатысты да шариғат үкімдерін ортаға салды.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.