Зейнетақы – мемлекет тарапынан зейнеткерлік жасқа жеткен адамға заңнамада көрсетілген нормаға сай тұрақты берілетін төлемақы.
Бұл әлем елдерінде қолданылынып жүрген әлеуметтік қамсыздандырудың (әт-тәкәфул) бір түрі болып саналады. Бұған көпшілік ғалымдар рұқсат берген[1].
Зейнетақы қорында жиналған ақшадан зекет беру мәселесіне келсек, салымшының жинақталған қаражатты толықтай қолдана алуына немесе пайдалана алмауына байланысты үкімі өзгереді.
Егер салымшы зейнетақы қорындағы жинақталған ақшасын қалаған уақытта қолдана алса, оны өзінің мүлкіне қосып, зекетін береді.
Ал зейнетақы жинағынан қаражатты зейнеткерлік жасқа жеткенде ғана алу мүмкіндігі болса, бұған қатысты ғалымдардың арасында үш түрлі көзқарас бар [2]:
Зейнетақы жинағындағы қаражат нисаб мөлшеріне жетсе, оны алу мүмкіндігі болмаса да әр жылы одан зекет беріледі. Өйткені бұл «мулку тәмм» (мүлікті толық иелену) әрі «қайтарылу мүмкіндігі жоғары қарыз» (дәйну мәржу әл-әда) үкіміне кіреді. Егер зекеттің шарттары толық болып, қарызы немесе басқа да зекет беруге кедергілер орын алмаса, зекет беріледі[3], – деген.
Зейнетақы қорында жиналған ақшадан зекет берілмейді. Тек жинақталған ақшасын толық қолына алып, ол қаражаты нисаб мөлшеріне жетсе әрі бір жыл айналса ғана одан зекет беріледі[4].
Зейнетақы қорында жиналған ақшаны қолына алмайынша зекет берілмейді.
Ислам фиқһ академиясының Дубай қаласында өткен 16-отырысындағы №143 қарарында: «Қызметкер жұмыс мерзімі аяқталып, зейнетке шыққанға дейін зейнетақы қорында жиналған ақшасынан зекет беруі міндетті емес. Өйткені мүлікті толық иелену шарты (мулку тәмм) амалға аспайды. Ал мүлікті толық иелену зекеттің негізгі шарттарының бірі. Егер зейнетақы қорындағы ақшаның бәрін немесе бір бөлігін алса, оны қолындағы дүниесіне қосып, зекетін береді»[5], – делінген.
Үшінші көзқарастың екінші көзқарастан айырмашылығы мұнда зейнетақы қорынан алған қаражатты бір жыл айналмаса да қолындағы нисаб мөлшеріне жеткен ақшасына қосып, зекетін шығарады.
ҮКІМ:
Зейнетақы қорында жиналған ақша нисаб мөлшеріне жетіп, бірақ оны алу мүмкіндігі болмаса, одан зекет беру міндеттелмейді.
Егер зейнетақы қорындағы ақшаның бәрін немесе бір бөлігін алуға мүмкіндігі болса, оны қолындағы дүниесіне қосып, зекетін береді.
ҚМДБ Ғұламалар кеңесі
[1] 2005 жылғы Дубай қаласында өткен Ислам фиқһы академиясының 16-отырысындағы №143 қарары. Уаһбату әз-Зухайли, Мәусуға әл-фиқһу әл-ислами уә әл-қадая әл-муасара: 4/210, Мәжәлла әл-бухус әл-исләмия, Бәхсу әт-тәмин: 20/45. https://www.islamtoday.net/fatawa/quesshow-60-15696.htm.
[2] Әр-ратиб әт-тақайди: 131-бет.
[3] Фиқһу әз-зәкат: 139-бет. Әр-ратиб әт-тақайди: 131-бет.
[4] Әл-ләжнәту әд-дәймә №13577 пәтуасы.
[5] 2005 жылғы 9-14 сәуірде Дубай қаласында өткен Ислам фиқһы академиясының 16-отырысындағы №143 қарары. Уаһбату әз-Зухайли, Мәусуға әл-фиқһу әл-ислами уә әл-қазая әл-муасара: 13/482.