Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында зейнетақының бір бөлігін баспанаға жұмсау мәселесіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері мен «Отбасы банк» басшылары жиында көптің көкейінде жүрген басты сұрақтарға жауап берді.
Зейнетақы жинағының бір бөлігін қандай жағдайда пайдалануға болады?
Құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев:
– Азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін:
– кепілдік болған кезде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша тұрғын үй сатып алу кезінде немесе акт болған кезде көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беру туралы шарт жасасу кезінде;
– жер учаскесін сатып алуды қос алғанда жеке тұрғын үй салу үшін толық есеп айырысу кезінде;
– ипотекалық қарыз алу, тұрғын үйді сатып алу, берешекті өтеу, банктер арқылы ипотеканы қайта қаржыландыру үшін бастапқы жарна ретінде;
– тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесі бойынша жер учаскесін сатып ала отырып, тұрғын үй сатып алуға немесе жеке тұрғын үй салуға арналған ипотека бойынша берешекті алу, қайта қаржыландыруды өтеу кезінде;
– Ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде үй сатып алу және осындай қаржыландыру бойынша берешекті өтеу кезінде;
– тұрғын үй құрылысы және дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде сатып алу құқығымен берілген баспананы ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берешекті өтеу үшін пайдалануына рұқсат етіледі. Сонымен қатар тұрғын үйді жөндеу жұмыстарына бір банктен ипотекалық қарыз алған кезде пайдалануға жол беріледі.
Өтінім нақты қай күннен бастап қабылданады?
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова:
– Біз бағдарламаның басталуын тағатсыздана күтіп отырмыз. Біз демалыс күнін арнайы таңдап алдық. Уақыттың адамдардың бәрі өтінім бере алатындай ыңғайлы болуын көздедік.
Өтінімді қайда жолдау керек?
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова:
– Сайттың атын алғаш рет жария етейін. Ол – enpf-otbasy.kz.
Бұл – БЖЗҚ-мен біздің бірлесе атқарған аса ауқымды жұмысымыз. 2020 жылдан бері осы ауқымды жұмысты бірлесе атқарып келеміз. Сол себепті сайттың атауында екі органның да атын енгізуді жөн деп шештік. Қазір оған кірсеңіз, сервистің 23 қаңтардан сағат 09.00-де жұмысты бастайтыны жазылып тұр. Сервис толығымен дайын. Кеше редакциялық өзгерісті енгіздік.
Зейнетақыны алуға өтінім беруден бастап пайдаға жаратуға дейінгі алгоритм қандай?
«Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев:
– Осы бағдарламаға қатысқысы келетін азаматтар бірыңғай зейнетақы жинағы қорындағы өзінің жинағын есептеуі керек. Одан кейін «Отбасы банкінде» немесе өз қалауы бойынша екінші деңгейлі банктерден арнайы шот ашуы керек.
Үшінші қадам: 23 қаңтардан сағат таңертеңгі 09.00-де «Отбасы банкте» порталы ашылады. Сол порталға азаматтар өзінің электронды қолтаңбасы арқылы кіреді. Ол порталға азаматтар жеткілікті деңгейден артық соманы қай мақсатқа пайдаланатынын көрсетіп, өтінім береді.
Ал өтінім зейнетақы қорына жолданады. Бес күннің ішінде ол жақтан жауап келіп, мақұлданғаннан кейін азамат «Отбасы банктің» порталы арқылы растайтын құжаттарды тіркеп, арнайы есепшотындағы ақшаны өзі көрсеткен реквизиттер бойынша сатып алушыға, не болмаса ипотеканы өтеуге жолдайды.
Қазіргі жеке үйімді жөндеу үшін зейнетақының бір бөлігін ала алам ба?
«Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев:
– Ережеге сәйкес, азаматтар меншігіндегі үйді жөндеуге қаражатты жұмсауға мүмкіндігі жоқ. Тек сатып алған үйінің жөндеу жұмысына ғана зейнетақының бір бөлігін алуға рұқсат етіледі.
Зейнетақының бір бөлігін депозитке аударуға бола ма?
«Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев:
– Бекітілген ережелерге сәйкес, зейнетақының шекті мөлшерінен артық соманы депозитке салып қоюға рұқсат жоқ. Ол соманы алғашқы жарна ретінде егер сіз тұрғын үй жинақ жүйесіне қатыспай, бірден керекті соманың 50 пайызы ретінде салып, үй алуыңызға болады. Бірақ ол ақшаны алып, депозит ретінде өсіріп, мемлекеттік сыйақыны алам деуге мүмкіндік жоқ.
Зейнетақы қаражатын алуда тұрғын үйді 5 жылға дейін сатуға тыйым салу тәртібі қандай?
Құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев:
– Сұрақ өте маңызды. Өйткені бұл – көп адамның көкейінде жүрген әңгіме. Бүгінгі бекітілген ережеге сәйкес, бес жылдық шектеу тек бір жолғы зейнетақы төлемін пайдалана отырып, меншікке ресімделген, өтелмеген берешегі бар ипотекалық тұрғын үйді сатуға жол берілмейді.
Тек ипотекаға, заимға алынған үйлер. Оның ішінде де 2021 жылғы 1 қаңтардан бері, ереже күшіне енген уақыттан кейінгі алған ипотекаға байланысты болады. Қалған барлық жағдайда ешқандай шектеу жоқ. Яғни егер сіз тұрғын үйді өзіңізге жеке меншікке сатып алатын болсаңыз (БЖЗҚ-дағы қаражатыңызға) кез келген уақытта қайта сатуға құқығыңыз бар.
Зейнетақы қаржысын емделуге алу ережелері қашан жарияланады?
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова:
Емделуге жұмсау жөнінде айтар болсақ, біз әзірге тек бірыңғай оператор функциясын атқаруға келісім бердік. Сол себепті Үкімет қаулысында емделуге байланысты төлемнің бәрі «Отбасы банк» арқылы өтетіні нақты жазылған. Бұл ережелер осы айдың соңына дейін дайын болады. Қазіргі таңда ішкі норматив процедураларына сәйкес, бұл мәселе мемлекеттік органдармен талқыланып жатыр. Содан кейін Денсаулық сақтау министрінің бұйрығын Әділет министрлігіне тіркеу керек.
– Туыс адамдар зейнетақы жинағына бір-бірінен үй сатып алса бола ма?
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова :
– Ең бастысы, операцияның бәрі қолма-қол ақшасыз жүргізілетінін атап өту керек. Алдамшы келісімшарттардың алдын алып, ақшаны амалдап алып шығу жағдайына жол бермес үшін туысқан адамдар арасындағы келісімшарттарға тыйым салынады. Яғни, мен өзімнің бауырларымнан, сіңлілерімнен, атамнан немесе әжемнен үй немесе пәтер сатып ала алмаймын. Осылайша, ережелерде бүкіл механизм жазылған.
Дереккөз: inform.kz