Кейбір мешіттерде жұма намазын оқуға рұқсат берілуі мүмкін

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы елордада Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясовпен кездесті.

Бас мүфти жүздесуде коронавирус инфекциясының таралуы бойынша қауіпсіз «жасыл аймақта» орналасқан өңірлердегі мешіттерде жұма намазын оқуға рұқсат беру туралы ұсынысын жеткізді.

«Коронавирус инфекциясының таралуы бойынша «жасыл аймақта» орналасқан ауылдардағы шағын мешіттерде профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар қатаң сақталып келеді. Осыған орай аталған мешіттерде санитарлық талаптарды сақтай отырып жұма намазын өткізілсе. Егер ол аймақтағы эпидемиологиялық жағдай нашарласа, жұма намазы тоқтатылады» деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мемлекеттік санитар өз кезегінде қазіргі таңда «қызыл аймақта» жеті өңір тұрғанын, коронавирус инфекциясы асқынған жағдайда жұрт жұма намазын мешітте оқыса, адам көп жиналып, әлеуметтік арақашықтық сақтау тәртібі бұзылатынын, салдарынан елімізде науқастар саны өсуі мүмкін екенін айтты.

Қазіргі уақытта бұл мәселе Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қаралуда. Комиссияның нақты нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады.