Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Жылыой ауданына жұмыс сапары аясында жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы «Ас беру мәдениеті» тақырыбында мүфтият тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, болашақ ұрпақ үшін дұрыс бағдар беріп, жөн сілтеу
мақсатында дәстүрлі діни жөн-жоралғыларымызды шариғи һәм ғылыми тұрғыдан саралап жүзеге
асыру – заман талабы. Қоғамда көрініс тауып отырған, шариғат пен дәстүрге сәйкес келмейтін
шындығынан жорамалы басым, пайдасынан зияны көп кейбір әдеттердің ел арасында етек жая
бастауы кім-кімді де алаңдатпай қоймайды. Әсіресе, қайтыс болған кісіні арулап көміп,
жаназасын шығарғанда, жетісі, қырық күндігі, жыл толуына байланысты және тағы басқа шараларда
дастархан жайылғанда дінімізде нақты талап етілмеген, салт-дәстүрімізге сай келмейтін, ақырет үшін пайдасыз кейбір әдеттер қоғамда белең ала бастады. Мысалы, жақынынан айырылып отырған
қаралы шаңырақ «көпшілікке ас беру – перзенттік міндетіміз» деп дастархан жайып, шектен тыс
шығын жасап, ас та төк, ағын-төгін дастархан жаюда. Бұл, орташа табысы бар көптеген отбасыларға
ауыртпашылық тудыратыны сөзсіз. Сондықтан, бүгінгі күні еске алу іс-шараларын ұйымдастыру
және өткізу мәселесі шариғат заңдары мен салт-дәстүр бойынша реттеуді талап етеді» деп атап өтті Бас имам.
Қырықтан астам адам қатысқан жиында Жылыой аудандық мәслихаты, Жылыой аудандық қоғамдық кеңесі, Жылыой аудандық ардагерлер кеңесі, Ақсақалдар алқасы, Аналар кеңесі, «Кең Жылыой» редакциясы ұжымы және жергілікті атқарушы билік өкілдері болды.