Жылыой ауданындағы Қосшағыл ауылында 500 орындық жаңа мешіттің іргетасы салтанатты жағдайда қаланды.
Аталмыш іс шараға Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысып, жергілікті жұртшылықты салтанатты жағдайда құттықтады.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Играшинович, зиялы қауым өкілдері, Қосшағыл ауылының жергілікті тұрғындары қатысқан шарада Бас имам мешіт құрылысына атсалысып жатқан демеушілерге, азаматтарға ризашылығын жеткізіп, сәттілік тіледі.
«Мешіт – имандылықтың, тәрбиенің, береке-бірліктің ордасы. Бұл жерде адамдар құлшылық жасаумен бірге, жан дүниесін тазалайды, иманын күшейтеді. Қаласа, діни білім алады. Мешіттерде қайырымдылық шаралары да тұрақты өтіп отырады. Халқымызды одан әрі бірлік жолында біріктіре түсетін мешіт құрылысы сәтті аяқталып, қызмет қылатын күн жақын болғай» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Сапар аясында Бас имам Ембі ауылдық мешіті жанынан салынып жатқан Қайырымдылық мекемесінің құрылысымен танысты.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі