Жылыойда Мәуліт кеші өтті (+ ФОТО)

Жылыой ауданында орталық мешіттің ұйымдастыруымен «Адамзаттың асылы» атты Мәуліт кеші өтті.

Іс шараға 300 адам қатысты. Рухани кеш аясында Мәуліт жыры оқылды.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысып, жұртшылықты Мәуліт мерекесімен құттықтады.

Және Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өмір жолы, өнегесі туралы насихат айтты.

«Көркем мінез – адам бойындағы ұлы қасиет, әрбір адамның мінез-құлқын көркем етуі отбасы, өскен ортасындағы тәлім-тәрбиесімен бірге өзінің де ақыл-парасат, күш-жігеріне, ынта-ықыласына, ең бастысы, жаратылысына байланысты. Әке-шешенің баласына берер ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие болса, көркем мінез сол тәрбиенің шыңы.

Әрбір саналы мұсылман баласы көркем меніздің биік үлгісі ретінде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өмір жолын, оның іс-әрекетін негізге алады. Қазіргі  уақытта кейбір мұсылман бауырлар пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сыртқы көріністі паш ететін сақал өсіру, балақ қысқарту, мисуак қолдану секілді амалдарын орындап, шариғат талап еткен пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мейірімділігіне, қарапайымдылығына, әділдігіне амал жасамауда. Ислам дінінің талап еткені де адамның ішкі сұлулығы, ислами көркем мінездің әрбір әрекетінде орын алуы» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.