Алтынбек Ұтысханұлы Жылыойда мұқтаж отбасына баспана тапсырды (+ФОТО, + ВИДЕО)

Мүфтияттың «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында беріліп отырған баспана әлеуметтік жағдайы осал топ санатына жататын Айдана Жұмановаға берілді.

Бұл «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында ел бойынша тапсырылып отырған 519-шы баспана. Жылыой ауданының Құлсары қаласынан берілген пәтерді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы салтанатты жағдайда табыс етті.

«Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Халқымыздың даналық, кемеңгерлік, адамгершілік сынды асыл қасиеттері елдегі бірлікті сақтап отырған. Жылыой аудандық орталық мешітінің бастамасымен, қарапайым азаматтарымыздың қолдауымен беріліп отырған бұл баспана қайырлы ұрпақ өсіп-өнетін құтты мекенге айналғай» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Еске сала кетелік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Атырау мешіттерінің үлесімен барлығы 39 баспана табыс етілді.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.