«Абай және дін». Бұл өзі ешқашан мәнін жоймайтын тақырып. Себебі біз дін туралы айтқанда да, оған Абай призмасы арқылы қарай алсақ, қателеспейміз. Себебі Абай дінге қатысты да салиқалы, салмақты, өлшемді, мазмұнды, сындарлы ойлар айта білді.
Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, Абайдың діні – «ақылдың, сыншыл ойдың діні», «адамгершіліктің діні». Осы сөздің өзінде анығында үлкен мән жатыр. Абайдың діни көзқарастарының қалыптасуында медреседе оқыған жылдары айтарлықтай әсер еткен. Семейдегі Ахмет Риза медресесі болашақ ойшылдың мұсылмандық танымының іргетасын қалап берді. Әке тәрбиесі өз алдына, кейіннен жеке ізденістерімен ол рухани, діни көзқарастарын жетілдіре түскені белгілі. Абай атамыз «құдай» ұғымын жаратушы күш ретінде мойындай отырып, әлемді Алланың махаббатпен жаратқанын сөз етеді.
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті…»
Ойшыл әлемді Алла махаббатпен жаратқанын айта отырып, мына он сегіз мың ғаламды жарыққа бөлеп, құлпыртып, жайнатып тұрған сөзсіз Жаратушының мейірім, рақымы екеніне назар аудартады. Антикалық дәуір ойшылы Протогордың «Барлық нәрсенің өлшемі – адам» дегеніндей, мына шексіз ғаламда барлық нәрсені адамға ғана қызмет еттіріп тұрған күш пен құдіреттің тек рақымға сүйенетінін ұғындырады. «Әуелден көптің қамын тәңірі ойлағанды» еске салған да Абай болды. Ендеше, сол Жаратушыға деген махаббатымыз бар ма? Адамзатты алаламай тегіс бауырым деп бауырға тарта аламыз ба? Жаратылыс мақсатына сай әділеттілікті ұстанып жүрміз бе? Міне, ойшылдың осы бір шумақ өлеңінің өзінде өмірдің мәні мен ғибратты өлшемдері жатқанын көруге болады. Дегенмен ақын дін туралы айтқанда, адам бойындағы асыл қасиеттер – адамгершілік, әділеттілік, шындық, тәрбие, махаббат сияқты мораль мәселелерін де қатар сөз етеді. Абай «Алланы сүй», «Адамзатты сүй», «Хақ жолы әділетті сүй» – деуімен осы үш сүюдің өмірде алатын орны үлкен екенін аңғартады. Оны «Имани гүл» деп атап, «Дін де осы, шын ойласаң тағат та осы» деп ой салады. Бірақ Имани гүлді пайда, мақтан, әуесқойлық секілді жағымсыз қасиеттердің бұзатынын да ескертеді.
Абай дінді адамгершілік негізі ретінде дәріптейді. Расында, мұсылман ғалымдар діндегі негізгі мақсат адам бойындағы ізгілікті қасиеттерді түзеу екенін айтады. Осы тұста «Мен адамгершілік қасиеттерді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» деген ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисін еске алсақ, бұл түсініктің қаншалықты орынды екенін пайымдаймыз.
Абай әрдайым адамгершілік жолды, нағыз адам болуды этикалық принцип ретінде көптеген шығармасына арқау етеді. «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын?!» деп күйзеледі. Ойшыл нағыз адам ретінде ақылдылық, еңбек сүйгіштік, әділдік пен білімділік, махаббат пен адалдық секілді қасиеттерді бойға сіңіруді түсінеді.
«Күллі мақлұқ өзгерер, Алла өзгермес,
Әһли кітап бұл сөзді бекер демес.
Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен
Бос сөзбенен қастаспай түзу келмес»
Ақынның ойынша, Алладан басқа мақлұқаттардың бәрі де өзгерісті бастан кешеді. Осы орайда ол адам мінезінің де жақсыға қарай өзгеруі тиістігін де сөз етеді. «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген сөзімен мінезді түзеу ісі әрқашан мүмкін екенін білдіреді. «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты. Мінез бен ақыл жарасса – адамгершіліктің ұтқаны. Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккенде-бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады» деп кезінде әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби де мінез турасында ой айтқан болатын. Ақын өз өлеңдерінде «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» деп бес асыл істі, «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер, мал шашпақ» деп бес қашық істі атағанда да осы дұрыс мінез, дұрыс адами бейнені қалыптастыруды мақсат еткен.
Абайдың қырық бес қарасөзінің он бірінде дін тақырыбы сөз болады. Мысалы, 13- қарасөзінде иман мен ғибадат, 27- қарасөзінде құлшылық, хикмет, ақыл жайында, 28- қарасөзінде тағдыр, иман, ақыл, ғибадат, 34- қарасөзінде ақырет, иман, дүниелік өмір, 43- қарасөзінде жан мен тән, ақыл, талап, қуат, 45- қарасөзінде Алла Тағаланың барлығына дәлел, әділет, махаббат туралы баяндайды. Абай өзінің «Тасдиқ» деп аталатын 38-қарасөзінде позия тілімен айтқан:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас
Рас сөз еш уақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас, – деген шумағы ұрпақтар есінде мәңгі жатталып қалғаны аян.
Ең көлемді 38- қарасөзінде көптеген діни мәселелерге тоқталады. Осы қара сөзінде мынандай бір ой айтады: «Мал, мақтан, ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. Егерде адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады». Яғни пенде атақ, даңқ, құрметтің соңынан жүгірмеуі тиіс, онда адамдығын жоғалтып алуы мүмкін. Ал атақ, құрмет өзі оны іздеп тапса, ол оның адамдығына қосымша көрік бермек. Ал енді қарасақ, осы бір ақылдың өзі қаншалықты мағыналы, қаншалықты мәнді десеңізші?! Ойшылдың бекерге хәкім атанбағанын да осыдан түсінеміз.
Абай өз заманында жан-жақты біліммен сусындауға тырысты. Шығысты да, Батысты да қатар оқыды. Араб, парсы, шағатай тілімен қатар орыс тілін де меңгеріп аудармалар жасады. Дін мәселесінде де біржақтылыққа ұрынбай, парасатты өлшемдермен қарай білді.
Бір өлеңінде:
Интернатта оқып жүр
Талай қазақ баласы –
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы.
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы,
Ойында жоқ олардың
Шариғатқа шаласы, – деп тағы бір терең ой айтады. Яғни, балаға жауапты ата- ана оған зайырлы білім берумен қатар имандылықты үйренуін де қадағалауы керектігін білдіреді. Бұл ой қазіргі уақытта да өте өзекті. Білім мен тәрбие мәселесі. Халықтық педагогикамыздың бір негізі имандылыққа баулуда жатыр. Кез-келген халық ұрпағының білімді, білікті болуымен қатар еліне, жақындарына жанашыр, қамқор, иманды, ибалы болғанын да қалаған.
Көзі тірісінде жанында жүріп тәрбие алған шәкірті Көкбай ақын ұстазы Абай туралы естелігінде былай деп жазған екен: «Абай шын мағынасында мұсылман еді. Бірақ, мұсылманшылығы қожа – молла айтып жүрген сырты сопы мұсылмандық емес, терең оймен, өз жүрегімен тапқан мұсылмандық болатын. Бергі жерлердегі кітап сөзі, молла сөзі, шариғат жолы дегеннің барлығына сынмен қарап, діннің негізін, мақсат-бағытын ғана алып, соны ақиқат діні қып қабылдаған. Абайдың діні мұсылманшылықтың ішіндегі осындай жолмен, үлкен сынмен табылған таза ақылдың діні еді»[1].
Сөзімді қорыта келе, Көкбайдың сөзімен айтқанда, шын мағынасында мұсылман бола білген, «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп халықты бірлікке, достық пейілге, білім алуға, имандылыққа шақырған Абай атамыздың тағылымдарынан жиі сусындап отыру бүгінгі күні де өте өзекті!
Лайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,
Атырау облысының Бас имамы
[1] Қазақ әдебиеті хрестоматиясы. ІІ кітап, 73-бет. Астана, «Арман ПВ» – 2007 жыл