Алматыда имамдардың біліктілігін арттыруға арналған семинар өтіп жатыр

Халыққа дін саласында ақпарат жеткізу догмалық әдіс-тәсілдерден арылып, жаңа серпін алуға мүдделі.

Осы орайда Нұр-Мүбарак университетінде Алматы облысының имамдарына арналған «Дін саласындағы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырудағы діни қызметкерлердің ықпалы» атты курс басталды.

Ашылу салтанатында Нұр-Мүбарак университеті жанындағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының директоры, теолог Тимур Нүсіпханұлы бес күндік семинардың ерекшелігіне тоқталып, имамдарға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы облысы бойынша өкіл имамы Мадияр Пірімқұлов семинар мерзімі аз уақыт болғанымен, өңір имамдарына құнды білім сыйлайтынына сенім білдірді. Себебі тақырыптар өзектілігі тұрғысынан таңдалып әрі дәріскерлер де білікті екенін атап өтті. Ал қазіргі кезең әрісесе, дін мамандарына екі есе жауапкершілік жүктегенін айтқан Нұр-Мүбарак университеті ректорының кеңесшісі Рахымжан Әкімбеков аталған семинардың маңызды екеніне тоқталды. Курсқа ұйытқы «Адам және қоғам» қоғамдық бірлестігі өкілдерінің айтуынша, семинарға облыстың 9 аудан, 1 қаласынан 100 имам қатысуда. 

Семинар аясында бес күнде «Қазақы жол және шариғат», «Радикалданудың алғашқы белгілері және алдын-алу әдістері»,«Қазіргі замандағы пікірталас тудырған діни мәселелер», «Имам Ағзам Әбу Ханифаға және ханафилерге жабылған жалаларға жауап», «Деструктивті діни ағымдардың танымы, тарихы және күніміздегі көріністері», «Муташабих аяттардың риторикалық, лингвистикалық түсіндірмесі», «Діндегі неке-талақ мәселесі», «ДДА өкілдерімен психологиялық сұхбат негіздері», «Қазақ халқының діни танымы мен матуриди сенім жүйесі: салыстырмалы талдау», «Медиа мен терроризмнің өзара байланысы» тақырыптарында  дәрістер өтпек. Спикерлер Нұр-Мүбарак университетінің профессор-оқытушыларынан Қайрат Құрманбаев (PhD, доцент), Түсіпхан Имаммәди (PhD), Алау Әділбаев (PhD, қ.проф.), теолог-заңгер Тимур Нүсіпханұлы (PhD докторант), Нұржан Стамбакиев (PhD докторант), Инаятулла Мансур, Ерғали Алпысбаев (PhD, Әлия Төлегенова (PhD, қ.проф.), Рахимжан Акимбеков (PhD докторант), журналист-теолог Салтан Сәкен дәріс береді. Курс соңында қатысушыларға сертификат табысталмақ.