Басты атап өтерлігі, карантинге байланысты, санитарлық талаптарға сай деп танылған қасапханаларға «Ашық» қосымшасы орнатылады.
«Бұл туралы Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты» деп хабарлайды орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.
«Пандемияға байланысты, биыл Құрбан айт мерекесі екінші жыл карантин жағдайында өткелі отыр. Ауру таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл да құрбандықты онлайн форматта шалуды ұсынуда. Қала тұрғындары qurban2021.kz сайты арқылы онлайн тапсырыс беріп, құрбандық шала алады.
Осы ретте, тұрғындардың аманатын іске асыратын қасапшыларға арнайы талаптар қойылып отыр. Біріншіден, қасапшы мұсылман болуы шарт. Және қасапшы кәмелетке толған, психикалық, физикалық тұрғыда сау болуы керек. Мал союды да жақсы меңгеруі тиіс. Сонымен бірге, малды бауыздар алдында «Бисмиллаһи Аллаху Акбар» деп айту, малды құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу, малды қинамай, өткір пышақ қолдану және санитарлық талаптарды қатаң сақтау сынды талаптар қойылып отыр» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетелік, қасиетті Құрбан айт мерекесі 20 шілдеде басталады. Құрбандық Айт намазынан кейін шалынады.