Атырауда құрбандық еті әсіресе су тасқынынан зардап шеккен отандастарымызға, қараусыз қалған қарттарға, әлеуметтік жағынан мұқтаж отбасыларға таратылады.
Бұл туралы Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Құрбан айт мейрамына орай өткен баспасөз-мәслихатында айтты.
«Мүфтият Құрбан айт күндері «Раббың үшін құрбан шал», «Балаларға базарлық», «Жақыныңа жәрдем бер», «Біз біргеміз» сынды қайырымдылық акцияларын ұйымдастырады. Еліміздегі барша мұсылман қауымын сауапты іске үлес қосып, белсенді болуға үндейміз. Құрбан малының етін су тасқынынан зардап шеккен отандастарымызға, қараусыз қалған қарттарға, әлеуметтік жағынан мұқтаж отбасыларға таратуды жоспарлап отырмыз. Былтыр мүфтият 1 104 тонна құрбандық етін 123 594 отбасыға, сонымен қатар мүгедектер, зағиптар қоры, ауруханалар мен ардагерлер үйіне жеткізіп берді.
Құрбан айт тек құрбан шалумен шектелмейді. Бұл күндері ағайын-туысты аралаудың, балаларды қуандырудың, дос-жаранға түрлі сыйлықтар үлестіріп, үлкеннен бата алудың сауабы мол. Құрбан айтты отбасылық, қоғамдық мерекеге айналдырудың мәні үлкен» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.