«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалін Атырау облысы дін істері басқармасы басшысы Хайролла Көшқалиев Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлына салтанатты жағдайда табыс етті.
«Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің дамуы – үлкен тарих, өз алдына бөлек қарастыратын айрықша кезең. Мемлекетіміздің қалыптасуына, әлеуметтік, экономикалық, рухани, саяси, қоғамдық дамуына көптеген мемлекетшіл азаматтарымыз, тұлғалар, тұтас халық еңбек сіңірді. Осы ретте, халқымыздың ата дінімізбен, ділімізбен қауышып, рухани кемелденуіне үлес қосып жүрген дін мамандарының маңызы ерекше» деп атап өтті Атырау облысы дін істері басқармасы басшысы Хайролла Көшқалиев.
Еске сала кетелік, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі Президент Жарлығымен табысталады.
Мерекелік медальмен Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің қалыптасуына, егемендігінің нығаюы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан Қазақстан азаматтарымен бірге, шетел азаматтары наградталады.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.