Дінімізде амалдан да маңызды әрі негізгі нәрсе – ниет. Жақсы және дұрыс ниеттің болуы шарт.
Мүминнің ниеті амалынан бұрын келеді. Алла елшісі (ﷺ): «Мүминнің ниеті амалынан жақсы. Алла ешбір күмәнсіз құлына амалына қарап бермегенді ниетіне қарай береді. Өйткені ниетте рия болмайды. Керісінше амалға рия араласып кетеді» деген.
Ниеттің орныққан жері жүрек. Алла елшісі (ﷺ): «Шын мәнінде Алла сендердің келбеттеріңе, байлықтарыңа қарамайды, Алла сендердің жүректеріңе, амалдарыңа қарайды дейді. Хадистегі жүрек деп тұрған нәрсе ол адамның ниеті өйткені ниеттің орны, шығатын жері жүрек болғандықтан мекенді айтумен ниетті мақсат етуде.
Мүминдердің әмірі Әбу Хафс Омар ибн Хаттаб (р.а) Алла елшісінің (с.а.у): “Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты және расында, әрбір адамға ниет еткені тиесілі. Сондықтан кім Алла мен Оның елшісіне қоныс аударатын болса, онда ол Алла және Оның елшісіне қоныс аударған болып табылады. Ал кім дүние немесе үйленетін әйел үшін қоныс аударса, онда ол сол қоныс аударған нәрсесіне қоныс аударған (болып саналады)”,-дегенін естідім”,-деп риуаят етеді.
Кейбір ахиреттік амалдар ниетінің бұрыстығынан дүниелік іске айналып кетеді, сол сияқты кейбір дүниелік істер ниетінің туралығынан ахиреттік ізгі амалға айналады. Мысалы: Тамақ ішу дүниелік амал.
Ал енді адам: “Осы тамақты құлшылық жасауда шаршамау үшін ішемін”,-деп тамақтанса, онда бұл ісі сауапты болмақ. Демек, амалдар ниетке байланысты, әрі әрбір адам не нәрсеге ниет етсе, сол нәрсесі өзіне тиесілі болады. Пайғамбарымыз (ﷺ) осы жерде ниеттің амалға қандай әсері бар екенін білдіру үшін мысал келтіріп, “қоныс аударуды” тілге тиек еткен.
Қоныс аудару жақсы, бірақ адам дүниесі үшін қоныс аударса, ол үшін сауап алмайды. Ал Аллаһ пен Оның Елшісі үшін қоныс аударса, оның қоныс аударуы қабыл болып, құлшылыққа айналады. Демек, амалдар ниетке байланысты қабыл болады. Осы жерде айта кетер бір жайт – жақсы ниет жаман амалды жақсыға өзгертпейді. Осыны есте жақсы сақтау керек. “Ниетің жақсы болса болғаны” деп, намаз оқымау, ораза ұстамау әсте дұрыс емес.
Алла Тағала баршамызды ниеті түзу, ықыласты құлдарының қатарынан қылсын!
Эммат ҒҰМАРОВ,
Атырау қалалық Құспан молла мешітінің имамы.