Атырау облысының Бас имамы Бейбарыс ауылында «жұма намазын» жүргізді

Араға бір жылға жуық уақыт салып Атырау облысында бүгін алғаш рет «жұма намазы» оқылды.

Бүгін Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылында «жұма намазын» жүргізді.

Қасым хан мешітінде өткен «жұма намазы» кезінде Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы тәу етер Тәуелсіздігіміздің ең басты құндылық екенін айта келіп, жамағатты ауызбірлікті сақтауға, қоғамның дамуына үлес қосуға, білім алып, жақсы істердің бастауында болуға шақырды.

Және жамағатты карантин талаптарын қатаң жағдайда сақтап жүруге үндеді.

Еске сала кетелік, «Атырау облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің рұқсатымен, бүгіннен бастап өңірге қарасты жеті ауданда және ауыл мешіттерінде «жұма намазы» оқылды. Басты талап – намаз уақытында құлшылық үйлерінде қатаң санитарлық жағдайлар сақталуы тиіс.

Әзірге, Атырау қаласындағы 7 мешітте және Құлсары қаласындағы мешітте «жұма намазы» оқылмайды.

Атап өтерлігі, коронавирус инфекциясының таралу жылдамдығына байланысты, бүгін Атырау облысы «жасыл аймаққа» өтті.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.