Ақырет күніне иман келтірудің маңызы

Ақырет күніне иман келтірудің адам баласына берер пайдалары өте көп. Солардың негізгілеріне тоқталып өтер болсақ, олар төмендегідей.

Біріншіден, ақыретке иман – адам баласын ізгі амалдар жасауға құлшындырады.

Дүние–ақыреттің егістігі. Көктемде егін салған диқан, жаз бойы еңбек етіп, күз келгенде жемісін көретіндігі сияқты, дүние тіршілігінде атқарған құлшылықтарымен ізгілік амалдарының жемісінмүмин адам ақыретте көретін болады. Қасиетті Құранда Алла Тағала:

 «Алла Тағала сондай иман келтіріп және ізгі іс істегендерге жарылқау мен зор сыйлық уәде етті», – деп, дүние тіршілігінде ізгі амалдар атқарған пенделеріне ақыретте кешірім мен зор сыйлықтар болатындығын уәде еткен («Мәйдә» сүресі, 9-аят).

Ізгі амалдардың ақырет үшін маңыздылығын мынадай мысалмен түсіндіруімізге болады: «Егер ана құрсағында жатқан нәрсеге ақыл берер болса, ол бірден «Маған қол мен аяқ не керек екен? Бәрбір де ешқайда барып жатқаным жоқ, ешқандай затты ұстап жатқаным жоқ. Бұл екеуі болмаса кішкене болса да анамның құрсағында кеңірек жатар ма едім? Маған ауыз не керек? Бәрібір кіндік арқылы қоректеніп жатқаным жоқ па?» – деп ойлайды екен.

Себебі нәресте бұл дүниені көрмегендіктен, дүниеде қолының, аяғының, ауызының өзіне пайда беретіндігін білмейді. Сол сияқты бұл дүниеде  ақыреттегі халін ойламай, ізгі амалдарға мән бермей жүрген адамдар ақыретте ізгі амалдарының пайда беретіндігін білмейді. Ал кімде-кім ақыретке ізгі амалдарсыз бармақ болса, бұл дүниеге қол мен аяқсыз туған нәресте сияқты болып қалуы әбден мүмкін».

Сол үшін дүние тіршілігінде ізгілік амалдарға мән бермей, қамсыз өткізген пенделер ақтық демі шығар кездеөкінішке ұшырайды. Ол турасында қасиетті Құранда былай деп баяндалған:

 «Олардың біріне ажал сәті келгенде: «Раббым! Мені дүниеге қайтара гөр! Мүмкін мен қалдырған дүниемде ізгі амал атқарармын» дейді»(«Муминун» сүресі, 99-100-аяттар).

Екіншіден, ақыретке иман –пендені күнәлі істерді атқарудан сақтайды

Ақыретте он сегіз мың ғаламның Иесі, Құдіреті күшті Құдай Тағаланың құзырында есеп беретіндігіне иланатын адам не өзіне не басқаға зиян тигізбейді. Қоғамда зұлымдық атаулыға, әділетсіздікке, қатігездікке, түрлі бұзақылық және бүліктерге оңайлықпен жол бермейді. Себебі ол ақырет күні қайта тірілетіндігіне және осы тіршіліктегі істеген барлық іс-амалдарының есебін беретіндігіне нақ сенеді әрі мәңгілік бақытқа осы есеп-қисаптан жаңылмай өткенде ғана жететіндігін біледі.ҚасиеттіҚұранда Алла Тағала:

 «Сол күні адам баласының амалдары көрсетілу үшін топ-топ болып (қабірлерінен) шығады. Сонда кімде-кім тозаңның түйірінің салмағындай да жақсылық істеген болса, ол оның ақысын алады, ал кімде-кім тозаңның түйірінің салмағындай да жамандық істесе, ол оның жазасын алады», – деп, адам баласы үлкенді-кішілі барлық амалдары үшін сұралатындығын, тіпті шаңның тозаңындай нәрсе де есепсіз қалмайтындығын хабар еткен («Зілзәлә» сүресі, 6-8-аяттар).

Діні мен дәстүрін үйлестіре білген ата-бабаларымыз бұл турасында: «Әлекпеден қорыққан сиыр жимас, ақыреттен қорыққан күнә қылмас», – деген. Мәшһүр Жүсіп бабамыз:

Ойласаң, ақыреттің бәрі қиын,

Тірлікте ғибадат қып, хаққа сиын!

Бұл күнде жамандықтан тыйылыңыз,

Алланың көрем десең жұмақ үйін», – деп өсиет қалдырған.

Үшіншіден, ақыретке иман келтірген адамның әр сөзі көркем болады

Ақыретке иман келтірген кісі оның әрбір сөзін жазып тұратын періштелердің бақылауын, есеп күні амал дәптеріндегі істері мен сөздері үшін есеп беретіндігін қаперінде ұстайды. Бұл жайында Жаратушы Алла Тағала қасиетті Құранда:

 «Оның оңынан да, солынан да екі бақылаушы отырады. Аузынан бір сөз шығарса болды, алдында аңдушы дайын», – деп айтқан («Қаф» сүресі, 17-18-аяттар). Осы себепті ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

 «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», – деп, жақсы сөз сөйлеуді Алла Тағалаға және ақырет күніне иман келтірумен байланыстырған (имам Бұхари, Мүслим).Осы себепті мұсылман адам сөйлер алдында:  «Бұл сөзімде ақыретім үшін пайда барма,  әлде зиян бар ма?» – деп ақыл таразысына салып, пайдалы сөз болса сөйлеп, зиянды болса, одан өзінаулақ ұстауы қажет.

Төртіншіден, ақыретке иман – пендені сабырлыққа тәрбиелейді

Ешкім өзіне сынақты сұрап алмасы анық. Бірақ, өмірдің өзі сынақ алаңы болғандықтан, адам өмірінде түрлі жайттар болуы мүмкін. Осындай кезде мұсылманның сабыры мен төзімділігіне ықпал ететін ең үлкен себеп –оның ақырет күніне деген иманы. «Мүмин» сөзі «иман келтіруші» деген мағынаны білдіретіндігін ескерер болсақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Мүмин адамның жағдайына таң қаласың! Шындығында, оның кезкелген ісінде қайыр-жақсылық бар, әрі бұл, мүминнен басқа ешкімге берілмеген. Егер оған бір жақсылық келсе, ол Аллаға шүкірлік айтады және оның сол айтқанында оған қайыр бар, ал егер оған бір қайғы келсе, ол оған сабыр етеді, оның бұл ісі де өзі үшінқайыр болып оралады», – деп айтқан (имам Мүслим).

Қабдеш Жұмаділов атамыз Оспан батыр жайында жазған «Көкжал» атты кітабында, батырдың қолға түскеннен кейінгі көрген қорлықтары, оған сабыр ете білген төзімі туралы жазып келіп: «Сабыр – тағат тауып, сабасына түсуіне батырдың Хаққа сенген діндар тақуалығы да септігін тигізген секілді. Осының бәрі жазмыш, Алланың бұйрығы деп қараған. «Бұл да – Жаратушысының өз құлына жіберген сынағы шығар. Егер сен нағыз мұсылман болсаң, қас жауыңның мейманасы тасыған астамдығына, көрсеткен қорлық-зорлығына шыдауың керек» деген өзіне-өзі», – дейді.

Алла Тағала біздерді түрлі ауыр сынақтардан сақтап, жақсылық-нығметін беріп, соған шүкір ететін құлдардан болуымызды жазғай!

Махсат АЛПЫСБАЙ,

«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы.