«Арам еткен»: наиб мүфти Ершат Оңғаров жыныс мүшені ауыстыру мәселесіне қарсы шықты

Бұл туралы белгілі ғалым, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ершат Оңғаров «Фейсбук» желісіндегі парақшасында жазды.

«Жыныстық мүшені ауыстыру… Айтуға аузың бармайтын тақырып…» деп

Қоғамда аталық мүшені аналық мүшеге ауыстыру мәселесі үлкен талқылауға түсіп тұр. Өкінішке қарай айтуға аузың бармайтын тақырыптарды да ашып жазуға тура келіп тұрған кезең.

Осы ретте Діни Басқарма да бұл тақырыпқа қатысты арнайы пәтуа ұсынады.

Біздің мамандар былай түсіндіреді.

Шариғи тұрғыдан бір мүшені екінші бір мүшеге ауыстыруға тыйым салынады. Оған төмендегі мына дәйекті дәлелдер дәлел болады. Бір мүшені екінші бір мүшеге ауыстыру Алла Тағаланың жаратқан жаратылысын өзгерткенмен тең. Алла Тағала мұндай өзгертулерді арам еткен.

Ол жөнінде Алла Тағала шайтанның сөзін баяндап Құранда былай дейді: «Оларға Алланың жаратылысын өзгертсін деп әмір етемін».

Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала денеге сурет салушыны, сурет салғызғанды, қас терушіні, қас тергізгенді, (жас сәбиге ұқсау мақсатында) тістерінің арасын ашқандарды, Алланың жаратылысын өзгерткендерді лағнеттеді», – деген сенімді хабары жеткен.

Пайғамбарымыздың тағы бір сенімді хабары бар. Онда: “Әйелге ұқсаған еркектерді, еркектерге ұқсаған әйелдерді лағнеттеді»-деп нақты айтылған.

Әлемдегі жаңалықтарды көріп, біліп отырмыз, мұндай жыныстық өзгертулер ер мен ердің, әйел мен әйелдің үйленуіне жол ашады. Ал шариғатымыз мұндай сорақы істі арам еткен.

Еркек пен еркек немесе әйел мен әйел жыныстық қатынасқа баруы Лұт пайғамбардың (ғ.с.) қауымы жасаған сұрқия қылықтың жалғасы болып табылады.

Үкім: Жоғарыда келтірілген дәйекті дәлелдер негізінде шариғи тұрғыдан ер кісінің жыныс мүшесін әйелдің жыныс мүшесіне ауыстыруы немесе әйел баласының жыныстық мүшесін ер кісінің жыныстық мүшесіне ауыстыруы арам деп айтуға толық негіз бар!

ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі