amin.kz/ 23 сәуір, 2020 жыл. Рамазан қарсаңында қоғамда мешітке берілетін пітір садақаның қайда жұмсалатындығы туралы сұрақ туып жатады. Осы мәселеге бүгін Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жергілікті өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте жауап берді.
» Біріншіден, мешіттеріміздің мемлекет тарапынан қандайма бір жағдайда да қаржыландырылмайтындығын атап өткім келеді.
Мысалы, Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінде 27-ге жуық адам қызмет етеді. Олардың артында отбасы, балалары тұр.
Біздің мешітіміздің қызметкерлері айына 30 мың, 60 мың теңге аралығында жалақы алады. Бас имамның жалақысы – 120 мың теңге. Бұл ең жоғарғы жалақы. Бірақ, қазіргі нарықтық заман өлшемімен алғанда бұл аса жоғары болмауы да мүмкін. Десе де, біздің барлық күш-жігеріміз, ниетіміз мешіттерімізді жақсы жағдайда ұстап отыруға арналып отыр.
Кейде бір имам жақсы көлік мініп жатады. Оны имамның қайдан алғаны туралы сөзді көз жеткізіп барып айтқан жөн. Адамға білмегеннен кейін айта беру оңай. Бірақ, бұл жерде ескеретін жағдай бар. Мешіт қызметкерлері халықтың ортасындағы діни дәстүрлерге, қайырымды амалдарға, мешіт құрылыстарын салуға атсалысып жүреді. Осындайда Алла разылығы үшін жомарттық танытып, көлік сыйлап жататын бауырларымыз бар. Ал, жаппай алған кезде мешіт қызметкерлерінің көпшілігінің әлеуметтік жағдайы төмен.
Бұдан шығатын қорытынды – қасиетті Рамазан айында берілген пітірдің барлығы жинақталады. Ең алдымен халықтың садақасы мешіттің коммуналдық төлемдерімен есептесуге жұмсалады.
Және ол қаржы мешіттің ішкі жұмыстарына жыл сайын жұмсалып отырады.
Сонымен бірге, мешіттерімізде үнемі Құран жарыстары, азан айту жарыстары сынды түрлі бұқаралық ағарту шаралары өткізіп отырады. Қаншама кітаптар шығарылып жатыр. Мұқтаждарға берілетін көмек бар.
Бұл жұмыстардың барлығы дәлелді, құжаттармен бекіген. Осындай жұмыстарымызды мешітке келген әр адам қарап, көз жеткізе алады» деп нақтылады ұстаз Алтынбек Ұтысханұлы.
Бас имам Алтынбек Ұтысханұлының айтуынша, пітір садақаны шамасы келген адам ғана береді. «Пітірді қалтасына 120 мың теңгесі бар адамға беру уәжіп. Қалай десек те, пітірді әркім өзінің қалауына қарай береді. Біз пітірді міндетті түрде мешітке беру керек деп міндеттемейміз. Бастысы, адам пітірді Алла разылығы үшін беруі керек.
Ал, мешіттеріміз барлық адамға ортақ имандылық ордасы, жер бетіндегі Алланың үйі. Пітірді имамға емес, мешіт үшін беретінімізді ұмытпасақ екен» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетелік, бүгін Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жергілікті өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн брифинг өткізді.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.