Бас имам жауабы: Оразаны қалай қайырлы етіп өткізу керек? (+ ВИДЕО)

amin.kz/ 23 сәуір, 2020 жыл. Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының айтуынша, әсіресе, қасиетті Рамазанда адам әрбір күнін пайдалы іспен өткізуге тырысуы керек.


“Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Рамазанға өте бір дайындықпен келетін еді. Яғни, мұсылман баласы он бір айдағы жаман қылықтардан арылуға тырысуы қажет. Біз Рамазанға ұстаз ретінде қарауымыз керек. Егер, бойымызда адамды жамандау, ғайбаттау, өсек айту, әлеуметтік желілерден болмайтын нәрселерді көру, ұйқы, сериал қарау сияқты қасиеттер болса, ұстаған оразамыз бекер болуы мүмкін.


Осындайда, әр адамның жүрегінде “келесі Рамазанға жете аламыз ба?” деген сұрақ болса деймін.
Шама келсе, таңғы сәреге тұрайық. Алланың кәләмі болған Құранды үйренуге, оның қазақша мағынасын түсінуге, кітап оқуға уақыт арнайық.
Бір сағатыңызды дұғаға арнауға, ағайындарға хабарласып, жағдайын білуге, ата – анаңызды разы етуге, садақа жасауға арнаңыз.


Оразаны мәнді, мағыналы, рухани тұрғыдан дамытатын амалдардың қатарын Қазақстан тарихын, алаш арыстарының өмір жолын оқып шығумен де толықтыруға болады.
Кемінде бір аят, бір хадис жаттасаңыз, тіптен ғанибет. Жамандықты жақсылыққа ауыстыруға, тілімізді дұға айтуға бағыттайық” деді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Еске сала кетелік, бүгін Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жергілікті өңірлік коммуникациялар қызметінде шұғыл онлайн брифинг өткізді.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.