Атырау облысының Бас имамы шұғыл онлайн брифинг өткізді (+ ВИДЕО)

amin.kz/ 23 сәуір, 2020 жыл. Бүгін Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметінде шұғыл онлайн брифинг өткізді.


«Төтенше жағдайдағы Рамазан» тақырыбында өткен онлайн брифинг барысында Атырау облысының Бас имамы интернет желісі қолданушыларынан келіп түскен өзекті сұрақтарға жауап берді.


«Рамазан адам баласын Жаратушыға жақындатады. Рамазан – бір жұтым судың қадірін білдіретін, таңнан кешке дейін нәр татпау арқылы, бай мен кедейдің арасын жақындататын ай. Және Алланың шексіз рақымына бөленуге мүмкіндік беретін де осы Рамазан айы. Бұл – қасиетті Құран аяттары түскен ай.


Бұл – жұмақтың есігі ашылып, тозақ есіктері жабылатын ай. Басқа құлшылықтардың барлығы адамзаттың өзі үшін жасалады. Ал, ораза болса, Алланың разылығы үшін жасалатын құлшылық. Оразаның сауабы шексіз» деп атап өтті өз сөзінде Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.


Интернет қолданушыларының сұрақтарына жауап берген ұстаз Алтынбек Ұтысханұлы карантин жағдайындағы Рамазанда отбасында рухани атмосфераны қалыптастыруға ден қоюды, оразаның әр күнін ізгі амалмен өткізуге шақырды.

Және қайырымдылық шараларының мешіттерімізде жалғасын табатынын атап өтті.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.