Атырау облысында жат ағымдардың алдын алу бағытында дін қызметкерлеріне арналған семинар өтті. Семинар жұмысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Кенжалин Данияр Айтбайұлы мен бөлім маманы Қаюпов Ислам Маратұлы арнайы келіп қатысты.
Жиын барысында ҚМДБ өкілдері имамдарға деструктивті діни ағымдардың белгілері, олардан сақтану жолдары, қоғамға келтіретін зияны туралы жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, нақты мысалдар келтіріліп, имамдардың ақпараттық-теологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған практикалық кеңестер берілді.
Семинарды Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы ашып, алғы сөз сөйледі. Ол өз сөзінде жиын тақырыбының өзектілігіне тоқталып, деструктивті идеологиямен күресте имамдардың жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті.
– Қоғамда діни тұрақтылықты сақтау – ортақ міндет. Ал бұл жолда имамдардың білімі мен ұстанымы үлкен рөл атқарады, – деді бас имам Болатбек Ұласқанұлы.
Өз сөзінде Данияр Айтбайұлы дін қызметкерлерінің үнемі білімін жетілдіріп отыру қажеттігін атап өтті:
– Жат ағым өкілдерімен жұмыс жасауда тек шариғи білім ғана емес, психологиялық және әлеуметтік тәсілдер де маңызды. Осы бағытта әрбір имам жан-жақты дайын болуы керек, – деді Данияр Кенжалин
Ал Ислам Маратұлы қоғамда діни түсініктің дұрыс қалыптасуына имамдардың ықпалы зор екенін айтты:
– Адам санасына теріс идеяны сіңіру оңай, ал одан арылту қиын. Сондықтан алдын алу – ең тиімді әдіс. Бұл ретте ақпараттық жұмыстардың рөлі ерекше, – деді ол.
Шара аясында өңір имамдары көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, пікір алмасуға мүмкіндік алды. Семинар жұмысы діни тұрақтылықты сақтау және қоғамда дәстүрлі ислам құндылықтарын нығайту бағытындағы нақты қадамдардың бірі ретінде бағаланды.
Жиынға облыстық дін істері басқармасының өкілдері де арнайы қатысты






