Атырау мешіттерінде Жамбылдағы жарылыста көз жұмған марқұмдардың рухына Құран бағышталды

29 тамыз – Жалпыұлттық аза тұту күніне орай, бүгін ел бойынша барлық мешіттерде шейіттердің рухына бір мезгілде Құран бағышталды.

Қасиетті Құран аяттары Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітіде және қала, аудан, ауыл мешіттерінде оқылды.

«Бейбіт күнде елімізде осындай жағдайдың орын алғаны өкінішті. Ел амандығы жолында жандарын құрбан еткен батырларымыздың жаны жәннаттық болғай» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Еске сала кетелік, Жамбыл облысындағы әскери қоймада орын алған жарылыс салдарынан он екі адам көз жұмды. Олар әскерилер және Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері.

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда қаралы күн оныншы рет жарияланып отыр.




Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.