Атырау мешіттерінің бастамасымен жыл басынан бері 7 мұқтаж отбасы баспаналы болды

Жыл басынан бері Атырауда мешіттердің бастамашы болуымен, халықтың қолдауымен 7 мұқтаж отбасы баспаналы болды.

Оның ішінде 6 баспана Құрманғазы ауданында, Жылыой ауданында 1 баспана табыс етілді.

Мәселен, мүфтияттың “Ел үлесі – пәтерге” жобасы аясында беріліп отырған баспана Жылыой ауданында әлеуметтік жағдайы осал топ санатына жататын Айдана Жұмановаға берілді.

Құрманғазы ауданында баспана кілттері табысталған шаңырақтар қатарында Райгүл Адырапова, Айнагүл Аманова, Анаргүл Жұмағазиева, Данагүл Сариева, Меңдібай Мұғалов бар.

«Ел үлесі – пәтерге» Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы іске асырып келе жатқан әлеуметтік жоба. Біз «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» халықпыз. Жобаның басты мақсаты – мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз жалғасады» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Еске сала кетелік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері “Ел үлесі – пәтерге” жобасын жүзеге асырып келеді. Аталмыш жоба аясында әлеуметтік жағдайы төмен, мұқтаж отбасыларға және дін қызметкерлеріне баспана беріліп келеді.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.