Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Атырау қаласындағы №10 Сәбит Мұқанов атындағы орта мектептің оқушыларымен кездесіп, сұхбаттасты.
«Зайырлы білім – қоғам талабы» тақырыбында өткен кездесу 55 оқушыны қамтыды.
Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен, «Жәрдем-Атырау» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен кездесуде Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы мен «Жәрдем-Атырау» қорының директоры Артур Алтайұлы насихат айтып, оқушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
«Қазақтың бейнесін сақтап қалатын дүние – біздің ұлттық идеологиямыз. Яғни, қазақтың тамыры оның ұлттық тәрбиесінде, рухани әлемінде жатыр. Ықылым заманнан мұсылман болған халқымыз дін мен дәстүр сабақтастығын жоймаған. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, сүрінгенге сүйеніш болған халқымыздың өмір салты адамгершілік, әдеп, иба сынды керемет қасиеттермен астасып жатыр. Сондықтан, сіздерді елге қызмет ету жолында білім алуға, өздеріңізді рухани, тұлғалық тұрғыдан жетілдіріп, дамытып отыруға шақырамын» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.