amin.kz/5 сәуір, 2020 жыл. Елімізде орын алып жатқан төтенше жағдайға байланысты, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Қайырымдылық керуені» жобасы арқылы жақсылық жасауға үндеген болатын.
Атыраудағы Сұлтан Бейбарыс мешіті осы ізді жалғастырды. Кеше аталмыш мешіт 1000-нан астам көп реттік маскаларды қала тұрғындарына тегін таратты.
«Бұл жолы мешітіміз «Master Tex» компаниясымен бірлесіп көп реттік маскаларды үлестірді. Бұл қайырымдылық шарасын енді мешітіміздің жанынан ашылған «Алтын өрнек» тігін үйірмесінің шәкірттері де жалғастырады. Қазіргі таңда Сұлтан Бейбарыс мешітінде көпреттік маскалар тігілуде. Осындай қиын сәтте ел екенімізді көрсетейік. Алла Тағала қасиетті Құранда да жақсылық жасауға үндеген» дейді Сұлтан Бейбарыс мешітінің имамы Ержан Қағазғалиев.
Еске сала кетелік, өткен жылдан бері Сұлтан Бейбарыс мешіті «Аяттан амалға» жобасын жүзеге асырып келеді. Аталмыш жоба аясында түрлі қайырымдылық істері атқарылуда.
Қазіргі таңда елімізде Астана уақытымен 14.05 сағаттағы жағдай бойынша, коронавирус дертіне шалдыққандар саны 569 адамға жетті. Атырауда 23 науқас аталмыш індеттен ем қабылдауда. Өкінішке орай, жұқпалы дерттен көз жұмған қазақстандықтар саны 6 адамға жетті.
Дүние жүзінде коронавирус 1 млн 203 мың 973 адамнан расталып отыр. Және әлем бойынша қайтыс болғандар саны 64 743 адамға жетті.
246 648 адам вирусты жеңіп шықты.
Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.