Бұл туралы бүгін Атырау облысына арнайы жұмыс сапарымен келген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Жәлелұлы бастаған делегацияның орталық «Иманғали» мешітінде өткізген мәжіліс барысында айтылды.
Атырау қаласының және аудандардың бас имамдарымен өткен кездесу барысында еліміздің батыс өңіріндегі діни ахуал және радикалдық ағымдармен күрес мәселесі талқыланды.
«Атырау өңірінде дін саласында көптеген жұмыстар атқарылуда. Нәтижелер де бар. Бірақ, жат ағымдармен күрес тоқтамау керек. Бұл бағыттағы жұмыстарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі» деді Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Жәлелұлы.
Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан 7 негізгі жұмыс бағыты шеңберінде атқарылып жатқан істер туралы айтты.
«Мәселен, ихсан ілімі – кемел адамның келбетін жасауға бағытталған ілім. Мұсылман адам өзгелерге көркем мінезімен, қайырлы амалдарымен үлгі болуы тиіс. Жат ағым өкілдерімен жұмыста да көркем мінез мәселесіне үлкен назар аударып отырмыз. Осындай жұмыстар нәтижесінде өткен жылы облыста дін мамандары 40 адамның радикалдық бағыттан бас тартуына қол жеткізді» деді Бас имам.
Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Жәлелұлы бастаған делегация сапар аясында орталық «Иманғали» мешіті жанынан жұмысын бастаған «Халық арна» каналының жергілікті студиясын, «amin.kz» медиа орталығын аралап, жұмыс бағыттарымен танысты.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.