Бас мүфти ауыл имамына пәтер кілтін тапсырды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық жобасы аясында 424-пәтер кілтін ауыл имамына табыстады.

Бұл жолғы пәтер Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар елдімекеніндегі «Байжігіт баба» мешітінің наиб имамы Мұса Жәлелге берілді.

Салтанатты жиында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Діни басқарма жас діни мамандарға қолдау көрсетіп келеді. Ақжар ауылында Қайырымдылық мекеменің ашылуына бастамашыл болған Мұса Жәлел – белсенді жас имамның бірі.

«Жас келсе – іске» деген қанатты сөз бар. Міне, бүгінде жас имамдарымыз облыстық, республикалық деңгейдегі ізгі іс-шараларға ұйытқы болуда. Осындай белсенді имамдарға қолдау көрсетіп, олардың әлеуметтік мәселесін шешуге атсалысқан барша жомарт жандарға айрықша алғысымды жеткіземін. Алла разы болсын!» деді.