Атырауда орталық «Иманғали» мешітінде қайырымдылық шарасы өтіп, 45 отбасына ет таратылды.
Мұқтаж жандарға құрбан малының етін Атырау облысының Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы тапсырды.
«Исламда «садақа жария» деген ұғым бар. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істерді «садақа жария» дейді. Мешіт, медресе, аурухана тұрғызу, көше, көпір салу, ауыз суы жоқ ауылдарға су тартып, құдық қаздыру, міне, бұлар халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істер.
Тіпті, мұсылманның көңілін көтеріп, үміт сыйлау, түк бере алмасақ та, оған жымиып қараудың өзі – сауап. Сауапты көктен іздеп қажеті жоқ. Ол біздің айналамызда. Қамкөңіл жанға көмек қолын созу – ол да қайырлы іс» деп атап өтті Бас имам Болатбек Ұласқанұлы.


