Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылды “Ислам және дәстүр құндылығы” жылы деп жариялаған болатын.
Аталған жыл аясында дін мен дәстүр, ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталуда. Осы орайда, Атырау облысы өкілдігі жанынан құрылған Әжелер мектебінің ұйытқы болуымен “Асыл мұра—көненің көзі” тақырыбында әжелер арасында сайыс өтті.
Сайысқа Атырау қаласындағы 6 мешіттен 35 адам қатысты. Сайыста қатысушылар қисса, салт-дәстүр, жаңылтпаш, жұмбақ, мақал-мәтел, ұлттық тағамдар, зергерлік бұйымдар, ою – өрнек, ертегі, нақыл сөз, қол өнер, көне жәдігерлер, дәстүрлі ән, күй, терме, бата беру сынды құндылықтарды насихаттады.
Сайысқа Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысып, әжелердің жасап жатқан жұмысына оң баға беріп, сәттілік тіледі.
Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені «Иманғали» орталық мешітінің әжелері жеңіп алды. Бірінші орынды Қайтпай сұлтан, екінші орын Ихсан, үшінші орында Құспан молла мешіттері жанындағы әжелері өзара бөлісті.
Жеңімпаздарға сыйлықтар мен дипломдар және ҚМДБ мүфтият баспасынан жарық көрген «Бабалар ізімен қазақ даласындағы мұсылмандық мектебі” кітабы табысталды.