Атырауда дін өкілдері әскери мектеп ауласына ағаш екті

Атырауда биыл жұмысын бастаған «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатына Атырау облысының дін саласында жүрген мамандар арнайы барып шықты.

Атырау облысы дін істері басқармасы, Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешіті, «Успен» шіркеуі және католиктік шіркеу өкілдері мектеп-лицей- интернаттың тыныс-тіршілігімен танысып, аулаға тал екті.

«Бүкіл ғаламға мейірімділік пен рақымдылықты сыйлаған Ислам діні тек адамдардың ғана емес, қоршаған ортаның да құқықтарын қамтиды. Табиғат ананы қорғап қалу мәселесінде ағаштарға көңіл бөлудің, тал, шыбық отырғызудың мәні өте зор. Себебі, тал егудің адамзат баласына тигізер пайдасы, жалпы қоршаған ортаға жақсы әсері бар екені баршаға белгілі.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде бұл мәселені қалыс қалдырмаған. Мәселен, мына бір хадисінде: «Кімде-кімнің қолында бір құрма ағашының көшеті (тал шыбығы) болса, соны қиямет-қайым басталып кетсе де, дереу отырғызып үлгерсін»,– дейді (Бұхари, Әдеп кітабы, 163-бет, №479). Бұл өсиеттен тал егудің өте маңызды екеніне көз жеткіземіз» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Енді егілген ағаштарды әрі қарай күтіп-баптау жұмыстарын мектеп-интернаттың оқушылары атқаратын болады.

Еске сала кетелік, биыл Атырауда алғаш рет әскери бағыттағы «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты ашылған болатын. «Сармат» болашақ мамандығын әскери қызметпен байланыстырғысы келетін балаларға үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Оқу орны балаларға жаратылыстану-математика ғылымдарын игеруге және алғашқы әскери дайындық машықтарын тереңдетіп оқытуға басымдық жасауда.