Атырауда «Ихсан» мешіті жастар арасында байқау жариялады

«Ихсан» мешіті шәкірттер арасында білім байқауын жариялады.

Байқау шартына сәйкес, шәкірттер белгілі ғалым, ұстаз, Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының «Ислам таластыра ма, жарастыра ма?» кітабын бір ай ішінде оқып шығуы керек.

Кейін кітапта көрсетілген мәселелер бойынша сұрақ-жауап форматында сынақ тапсырады.

«Үздік шыққан шәкірттерге арнайы сияпаттарымыз бар. Мақсатымыз – жастар арасында кітап оқу мәдениетін дәріптеу.

«Ислам жарастыра ма, таластыра ма?» еңбегі әр мұсылман баласы білуі тиісті ең керекті діни мәліметтер жинақталған кітап. Исламның бес парызы мен иман шарттары, ғибадат, тазалық негіздері, ислам тарихынан үзінділер, ахлақ және ардақты Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) өмірі мен өнегесі берілген еңбек адамды рухани тұрғыда байытады» дейді «Ихсан» мешітінің имамы Ардақ Жұмабекұлы.

Сондай ақ, «Ихсан» мешітінде көшпелі дәріс болып өтті.

Көшпелі дәрісте Атырау қаласы Жұлдыз ықшамауданындағы Қажымұқан Мұңайтпасов мешітінің наиб имамы Мұхамедкәрім Сматұлы насихат айтып, жамағатты ынтымақ-бірлікке шақырды.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.