Атырауда «Иман» мешіті Мәуліт мерекесін атап өтті

Атырауда «Иман» мешітінде Мәуліт рухани кеші өтті. Рухани кешке Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қатысты.

Мәуліт айында мешіттерімізде көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Бұл өзара бауырмалдық пен Алла елшісіне (с.ғ.с) деген сүйіспеншілігімізді арттыратын мейрам. Бәріміздің үлгі тұтар тұлғамыз Мұхаммед (с.ғ.с) барша мұсылмандар үшін өнеге мен үлгінің көрінісі.

Мәуліт мерекесін дәріптеудегі мақсатымыз – Пайғамбарымызды (с.ғ.с) шектен тыс қиял ғажайыптар қосып, тәңірге балап  ұлықтау емес. Мәуліттегі мақсатымыз – Пайғамбарымызды (с.ғ.с) еске алу. Оның теңдессіз тұлғасынан өнегенің бір тамшысын болса да алуға талпыну. Оның кіршіксіз өмірбаянын жадымызда бір жаңғырту. Оған сансыз салауаттар айту, оның есімін әлемге жар салу.-деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Шара барысында ұлттық ойындардан бұқа тартыс, қол күрес, ләңгі тебуден сайыстар өтіп жеңімпаздар марапатталды. Ақсақалдарға шапан жабылып, құрмет көрсетілді.

Еске сала кетелік, Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Адамзаттың асылы, Пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған уақытына байланысты атап өтілетін күн мәуліт деп аталады.