Атырауда «Иманғали» мешітінде 40 анаға қысқы киім үлестірілді (+ ФОТО)

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының бастамасымен орталық «Иманғали» мешіті жанындағы Қайырымдылық мекемесінің ұйымдастыруымен, 40 анаға қысқы курткалар үлестірілді.

Қайырымдылық шарасы әлеуметтік жағдайы төмен, «Жусан» отбасымен оралғандарды, экстремизм бабымен сотталғандардың жанұясын және көп балалы аналарды қамтыды.

«Мешіттерімізде үнемі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып келеді. Біз әлеуметтік жағдайы төмен шаңырақтарға үнемі қолдау көрсетеміз. Сонымен бірге, қайырымдылық шаралары оңалту бағытындағы жұмыстармен де астасып жатыр деуге болады.

Себебі, мешіттер терроризм, экстремизм бабымен сотталғандардың отбасыларына да қамқорлық көрсетуге тырысады. Осылайша, адасқан бауырларымызға қамқорлық көрсету арқылы, асыл дінімізді дәріптеу тәсілдерін де қолданып келеміз» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Іс шара барысында Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы сынақтарға сынбау, сабыр ету тақырыптарында насихат айтты.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.