Бүгін Атырау мешіттерінде «Имани жаз – 2024» жазғы сауат ашу курсының алғашқы легі қорытындыланды.
Бір ай ішінде мешіттер жанындағы сауат ашу курстарын 1500 шәкірт аяқтады. Оның ішінде 300 шәкірт бір ғана орталық «Иманғали» мешітінде білім алды.
Шәкірттерді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы құттықтап, уақытын тиімді өткізуге ынта қойған бүлдіршіндерге алғыс айтты.
«Білім алу – әр адамға парыз. Адам жаңаны игеріп, білімін жетілдіруге әркез ұмтылып отыруы керек. Жазғы каникул уақытын рухани құндылықтарды игеруге арнаған сіздерге алғыс айтамын. Еліміздің болашағы өздеріңіз сияқты білімді, саналы, рухани бай ұрпақтың қолында болуы керек» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетелік, «Имани жаз» курсы шілде айының аяғына дейін жалғасын табады. Сауат ашу курсында шәкірттер үшін аптасына 5 мәрте түрлі тақырыптар бойынша білім беріледі. Оның ішінде, шәкірттер «Имандылық әліппесі», «Құран әліппесі», «Салт-дәстүр сабақтастығы», «Зиялы қауым өкілдерінің аталы сөздері», «Ұлттық құндылықтар» бағыттары қамтылып отыр.