Атырауда «Имани жаз» жазғы сауат ашу лагері аяқталды

Атырауда орталық «Иманғали» мешітінде «Имани жаз» жазғы сауат ашу лагерін 60 ер бала сәтті аяқтады.

Шәкірттерге салтанатты жағдайда сертификат табыстау рәсіміне Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысты.

«Адамның жас кезде алған білімі, оқыған кітаптары, көрген фильмдері, естіген немесе жаттаған сөздері, араласқан адамдары – түгелі дерлік оның болашақта тұлға болып қалыптасуына жол ашады. Сондықтан, жастық шақтағы уақытты болмашы дүниенің арзан ойын-күлкісіне алданбай, тиімді пайдаланып, сауапты іске арнау қажет.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Жастардың ең жақсысы (ойын-күлкіге берілмей, ойлы, байсалды боп) қарттарға ұқсағандары. Ал кәрілердің ең жаманы (жеңілтектікке салынып, нәпсінің жетегіне кетіп) жастарға ұқсағысы келгендері» дейді. Жазғы демалыс уақытын тиімді, хайырлы іске жұмсағандарыңыз үшін алғыс айтамын» дейді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі