Атырауда карантин режиміндегі мешіттердің жұмысы талқыланды

amin.kz/ 25 тамыз, 2020 жыл. Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы орталық «Иманғали» мешіті ұжымына өткізген жиында мешіт жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру мәселесін тапсырды.

«Бүгінгі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіт жұмыстарын негізгі төрт бағытта ұйымдастырып отыр. Яғни, қайырымдылық, уағыз-насихат, жат ағыммен күрес және сауат ашу, білім саласы бойынша жұмыстар жүруде. Карантин жағдайына қарамастан, біздің осы бағыттағы жұмыстарымыз жоғары деңгейде ұйымдастырылуы қажет. Мәселен, бүгінгі таңда «Мектепке жол» акциясы өзекті болып отыр.

Сонымен бірге, жастармен, әйел жамағатымен жұмыс бойынша мамандар тарту мәселесі өзекті болып отыр. Бүгінгі таңда жастар жамағаты үшін «Иман жастары» еріктілер ұйымы қатары толықтырылып келеді. Әйел ұстаздар қызметке алынуда.

Десе де, бұл бағыттағы жұмыстар күшейтілуі тиіс. Себебі, жастар – ел болашағы, әйел ана – ұлтты тәрбиелейтін күш. Біз дінімізді насихаттау арқылы, осы құндылықтың сақталуына үлес қосуымыз керек» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Сонымен бірге, мешіт ішіндегі тәртіп, тазалық, мешіттердің ішкі құжат айналымы мәселелерін реттеуге байланысты міндеттер жүктелді.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.