amin.kz/30 наурыз, 2020 жыл Елде, сонымен бірге әлемде қалыптасқан коронавирус пандемиясының ушығу қаупіне байланысты бүгінде ауру ошақтарын мейілінше ауыздықтау жұмыстары жүріп жатыр.
«Атырау облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Мейіржан Есімбаев арнайы қаулы шығарып, Атырау облысының аумағында қосымша шектеу іс-шараларын жариялады. Аталмыш үндеуде меншік нысанына қарамастан ұйымдардың жұмыс уақытын немесе жұмыс аптасын қысқарту ұсынылған еді. Осыған орай біз мешіт қызметкерлерін онлайн жұмыс форматына көшіруді ұйғардық.
Мешіттерде кезекші имамдар ғана қалатын болады» деді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы орталық «Иманғали» мешітінде өткен шұғыл жиында.
Еске сала кетелік, әлемді дүрліктіріп жатқан қатерлі вирустың жайылып кетуінің алдын алу мақсатында, бұған дейін елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің ортақ пәтуасымен жұма намаздарын мешітте оқу уақытша тоқтатылған еді.
Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз – қызметі.