Атырауда «Кел, көрісейік» атты рухани-танымдық шара өтті (+ ФОТО)

Атырауда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйел-қыздар секторы мен Әжелер мектебінің ұйымдастыруымен мерекелік шара өтті.

14 наурыз – Көрісу күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шараға 70-тен астам қыз-келіншектер, аналар, әжелер қатысты.

Шара барысында қатысушылар арасында Әз-Наурыз, қазақ халқының салт-дәстүрлері тақырыбында викториналық сұрақтар қойылды. Қатысушылар сәбиге есім қою, сәбиді қырқынан шығару, тұсау кесу, қыз ұзату, беташар сынды түрлі дәстүрлерге қатысты мәліметтермен бөлісті.

Қазақтың мақал-мәтелдері, аталы сөздерін айтып, мағынасын ашудан сайыстар ұйымдастырылып, танымдық бағыттағы конкурстар көпшіліктің көңілінен шықты.

Сондай ақ, бесікке салу, тұсау кесу сынды салт-дәстүрлерді дәріптейтін көріністер, қатысушыларға ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«Біздің мақсатымыз – әйел жамағатының арасында қазақ халқының салт-дәстүрлерін кеңінен насихаттау. Қазақы тәрбие, ұлттық болмысымызды дәріптеу. Қазіргідей алмағайып заманда ұлттық кодымызды сақтап қалу маңызды» дейді Әжелер мектебінің төрайымы Жұмагүл Нәсиқызы.

Еске сала кетелік, бүгін қазақстандықтар Амал мерекесін атап өтіп жатыр. Жыл бастауы Наурыз мерекесіне орай, Көрісу күнін ерекше атап өту дәстүрі еліміздің батыс өлкесінде жақсы сақталған.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.