Қасиетті Мәуліт айының құрметіне Атырауда «Тұғырлы тұлға – Әз Мұхаммед» тақырыбымен рухани шара өтуде. Мәуліт кешіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров арнайы қатысуда.
Зиялы қауым өкілдері, әжелер мектебі, қала тұрғындарының қатысуымен Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінің ұйымдастыруымен Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өтіп жатқан рухани кеште «Өнер қырандары» театры театрландырылған қойылымдарды көрермен назарына ұсынып жатыр.
Кеш барысында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жұртшылықты мерекемен құттықтады.
Бас имам Мәуліт айын – рухани тәрбие айы деп атады. Және бұл айда білім алуға, ізденуге, жақсы істер жасауға ұмтылуға шақырды.
«Шарапатты мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын. Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсырақ танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдық-тың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай. Адамзаттың асыл тәжі, тектілердің төресі, асылдардың асылы, ізгілердің ізгісі, дегдарлардың дүрі, Пайғамбарлардың имамы, екі дүниенің бекзаты Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жаратқан Иеміздің жаратқан нәрселерінің санындай, Аршысының салмағындай, Өзі разы болғандай сансыз салауаты мен сәлемі болсын!» деді Бас имам.