Атырауда мешіттер 25 мамырда ашылуы мүмкін: Бас санитариялық дәрігер аймақтағы шектеу шараларын алу туралы айтты

amin.kz/ 17 мамыр, 2020 жыл. Егер аурудың өсу деңгейі төмен болса, 25 мамырдан бастап, қоғамдық тамақтану орындарын, базар, сауда орындары, діни орындар және спорттық нысандар ашылуы мүмкін.


«Атырау облысының Бас санитариялық дәрігері аймақтағы карантин режимін алудың алдын ала мерзімін атады» деп хабарлады Шұғыл штаб.


Темірбек Мусағалиевтың айтуынша, Атырау облысындағы карантиндік шаралар кезең кезеңімен алынады. Соның ішінде, 18 мамыр күні білім орталықтары мен үйірмелер ашылады. Оның өзінде топта 5 адамнан артық болмауы керек.


Сонымен бірге, аумағы 2000 шаршы метрге дейінгі азық-түлік емес дүкендер күшейтілген санитарлық режим жағдайында және уақытша шектелген жұмыс уақытымен жұмыс істейді.
2020 жылдың 20 мамырынан бастап, балабақшаларда кезекшілік топтары ұйымдастырылады. Мектепке дейінгі ұйымдарда (барлық меншік нысандары бойынша) кезекшілік топтары ұйымдастырылып, балалар қабылданады. (екі ата-анасының немесе қамқоршыларының, және асырап алушыларының жұмыс орнынан анықтаманы ұсыну арқылы).


«Мен мейірімді дәрігер болып, барлық нысандарды демде аша алмаймын. Жағдайды бақылаудан шығарып алуымыз мүмкін, сондықтан, нысандарды біртіндеп ашамыз. Бір аптадай шыдау керек. Егер аурудың өсу деңгейі төмен болса, 25 мамырдан бастап, барлық қалған нысандарды – қоғамдық тамақтану орындарын, базар, сауда орындары, діни орындар және спорттық нысандарды ашамыз» деді Темірбек Мусағалиев.


Бас дәрігердің пікірінше, ауру симптомсыз өтіп жатқан науқастардан үлкен қауіп төніп тұр. Себебі, олар өкпе қабынуының асқынуы жағдайында ауруханаға түсіп жатады.


«Құлсары қаласында коронавирустың жаңа дерегі тіркелді. Вахталық алмасу алдында азаматтар скринингтен өткен кезде олардан коронавирус табылып жатыр. Олар науқаспен қарым-қатынас жасағандар тізімінде жоқ. Сөйте тұра, ол адамдардың ауруды қандай жағдайда жұқтырып алғаны белгісіз. Бұл инфекцияның облыс халқы арасында таралып жатқанын көрсетеді» деп түсіндірді Темірбек Мусағалиев.