Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының төрағалағымен аудан имамдарының басын қосқан жиын өтті.
Жиында Атырау облысы бойынша салынып жатқан 25 мешіттің құрылысы, жұмыстың жүру барысы және алға қарай қолданысқа берілетін мешіттерді сапалы кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.
«Атырау қаласында, аудандарда, соның ішінде шалғай ауылдарда салынып жатқан мешіттер құрылысы толықтай аяқталғаннан кейін, біздің алдымызда мамандар мәселесін шешу жайы тұр. Шалғай ауылдарға, аудандарға білікті, сапалы кадрлар қажет. Біз исламның өркениеттің, ғылымның діні екендігін дәріптеп, Әл-Фараби, Ибн Сина сынды ғұламалардан қалған асыл мұраны қайта жаңғыртуға, насихаттауға үлес қосуымыз керек» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетелік, орталық «Иманғали» мешіті бүгінде діни кадр даярлау мәселесінде арнайы жобаларды жүзеге асыруда. Жергілікті білім гранттарын бөлу, өзге де жеңілдіктер есебінен Алматы қаласындағы Нұр-Мүбәрак египет – ислам мәдениеті университетінде, медресе-колледждерде арнайы келісіммен жергілікті жастар білім алуда.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.