Атырауда оқырмандар клубы мен шәкірттер кітапты талқылады

Атырауда “Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!” атты Құрбан айт мерекесіне орай рухани шара өтті.

Облыс орталығындағы “Танаұлы Жұмағұл ата” медресесінде шәкірттер және “Iqro” оқырман ханымдар клубының мүшелері “Исламдағы таңдаулы 100 сұрақ” рухани кітабын талқылады.

2012 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Діни уағыз-насихат бөлімінде ұстаз Алтынбек Ұтысханұлының редакторлығымен жарық көрген “Исламдағы таңдаулы 100 сұрақ” кітабында мұсылман баласына қажетті барлық негізгі сұрақтар қамтылған. Имандылықтың әліппесі деп атауға болатын кітап қалың жұртшылыққа арналған.

Шара барысында ұстаз Бақыт Амантайқызы “Тақуалық” тақырыбында уағыз айтты. «Тақуа – аз сөйлеу, сақтау, қорғау деген мағынаны береді. Тақуалықтың артында Алладан шынайы қорқу, күнәлі істерден сақтану, жүректі, ниетті таза ұстау мәселелері жатыр» деп атап өтті Бақыт Амантайқызы.
Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сүннетін айтып, өзара сайысты.

Шараға қатысушылар арасында өз білімімен ерекшеленгендер арнайы сыйлықтармен марапатталды.