Атырауда орталық мешіт жанынан тігін курсы ашылды.
Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешіті әйел адамдарға білім алып, кәсіп ашу мүмкіндігін ұсынып отыр.
Тігін курсының ашылу рәсіміне облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қатысып, курс қатысушыларына сәттілік тіледі.
- Тігін курсы үй шаруасымен отырған жандарға өз ісімен айналысып, қаржы табуға мүмкіндік береді. Бүгінде жат ағымның жетегінде кетіп жатқан қарындастарымыздың көбі жұмысы жоқтықтың салдары теріс жолға түсуге себеп болғанын айтады. Сол себептен осындай курс ашуды жөн көрдік,- деді Алтынбек Ұтысханұлы.
Қыз-келіншектерге арналған тігін курсын оқу 3 айға созылады. Курс бағасы – 10 000 теңге. Бүгінде 2 ауысымда өтетін курсқа 20 қыз-келіншек жазылған. Курс уақыты аяқталған соң қабылдау кері жалғасатын болады.
- Мешіт жанынан осындай курс ашылып жатқанына қуаныштымын. Өз өнеріммен өзгелердің еңбек етуіне себепші болсам деген мақсатта бар білгеніммен бөлісемін,- дейді тігін сабағында 32 жыл еңбек өтілі бар шебер Диляра Романова .
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.