Атырауда орталық мешітте кітап оқудан үздік шыққан жастар марапатталды

Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешіті жанынан іске қосылған «Кітап оқып, мақсатыңа жет» атты оқырмандар жобасы қорытындыланды.

Жоба қорытындысымен осы уақытқа дейін өткізілген төрт кезең бойынша қатысып, озық нәтиже көрсеткен оқырмандар арасында үздіктер марапатталды.

Оқырмандар арасында бірінші орынды Аслан Мұхамбеталиев иемдені. Аслан Махамбет ауданынан келген кітапқұмар жас.

Екінші орынды Құрманғазы ауданы, Мақаш ауылының тумасы Жәнібек Шапен иемденді. Үшінші орын Әли Имашевқа бұйырды. Үздіктер қатарынан көрінген жастарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Жеңімпаздарды Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы марапаттады.

«Жобамыздың мақсаты – жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, дәріптеу болды. Жоба аясында жастарымыз дін мен діл, тарихымызға қатысты көптеген кітаптарды оқып, сынақ тапсырды. Кітап – білім көкжиегін кеңейтеді» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.


Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.